Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақмолалық шаруалар жайылымдық жер ала алмай жүр

  • AstanaTV
  • 03 қазан 2022
  • 2228

Ақмолалық шаруалар жайылымдық жер ала алмай жүр. Жергілікті мемлекеттік органдардың табалдырығын тоздырып жүргендеріне жарты жылдан асқан. Алайда, нәтиже жоқ. Шарасыз күйде қалған Арықты ауылының тұрғындары «AMANAT» партиясының «Жер Аманаты» комиссиясына жүгінді. Толығырақ Аружан Серік айтып берсін.

Қорғалжын ауданы, Арықты ауылының тұрғындары үшін жайылым жердің жетіспеушілігі – өзекті мәселе. 945 тұрғыны бар ауылға 1400 гектар жер жетіспейді. Төрт түлігі төлдеп, жыл сайын мал басы артып келеді. «Ал жерден басқа айналысатын жұмыс жоқ»,- деп халық наразы. Сондықтан «жайылымдық жер керек» деп шағымданған.

Адай ҚАЙЫРЛАПОВ, АРЫҚТЫ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сол комиссия келіп, осында тексерістер жүріп жатыр. Негізі общий мәселе - мал жайылымы туралы болған, жетіспеушілік туралы ауылда. Екінші мәселе - жаңағы пайщиктар. Ауылда жұмыс жоқ. Ауылда только жермен айналыссаң ғана жұмыс бар.

Жер пайлары мәселесі де қозғалды. Бұрындары бүкіл халыққа бөлінген пайларға «шаруа қожалықтарын ашамыз, жермен жұмыс істейміз» деп ауыл тұрғындары серіктестерден жерлерін бөліп алып, өз мақсатына пайдаланып отыр, - дейді маман. Сондай-ақ, жерді бөлісу барысында сот саласында бірер келіспеушіліктер болған. Осының салдарынан шығам деген үлескерлер шыға алмай, арыз жазған.

Ақылбек ЕГІНБАЕВ, ҚОРҒАЛЖЫН АУДАНЫ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Қорғалжын ауданы бойынша 7 жауапкершілік шектеулі серіктестерден 7000 гектар жер мен үлесімен пай иелері шықты. Жер балансы бойынша 9119 гектар жерді өзінің пайымен жұмыс істеп отырған. Бүгінгі күні, осы жазда үлескерлер пайларымен бөлек шығамыз деп ЖШС арызданып, 41 үлескер 4900 гектар пайымен өздері бөлек шықты. Ол бөлек шыққанда, жеке бөлек шаруа қожалықтарын ашқан жоқ. Олар қосылды.


Халықтың мұң-мұқтажы айтылды,  тыңдалды. Жауапты мамандар іске кірісетіндерін, қатаң бақылауға алатындарын айтты.

Асылхан ОМАРОВ, АРЫҚТЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Қазанның 4-і комиссия құрылады. Аудан құрамынан комиссия біздің Арықты округіне келіп, әрбір егіс-егіндерді қарап, содан 2 күн құжат реттеумен болады. Жұма күні, 7-сі күні отырыс болады. Сол отырысқа ЖШС басшылары, шаруа қожалықтың басшылары қатысады. Сол кезде нақты шешім қабылдайды.

«Жер Аманаты» комиссиясы мәселе еш қиындықсыз шешілетініне сенімді. Тұрғындарға ауыл шаруашылық маусымының аяқталуын ғана күту керек. Жер кодексінің нормаларына сәйкес, ол шамамен қазан айының ортасында болады. Содан соң, барлық қажетті құжаттарды рәсімдей алады.

Асқар ӘМІРЖАНОВ, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ФИЛИАЛЫ «ЖЕР АМАНАТЫ» КОМИССИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біз бұл мәселені бақылауға аламыз. Қорғалжын ауданының атқарушы органдарына жалпы жиналыс өткізу жөнінде тапсырма беріледі. Шаруа қожалығының басшысына құжаттарды рәсімдеу бойынша заңгерлік кеңестер берілді.


Естеріңізге сала кетейін, қазақстандықтар жер құқығы бұзылуының барлық фактілері туралы экранда көрсетілген сенім телефоны арқылы немесе WhatsApp нөмеріне хабарлай алады. «Жер аманаты» комиссиясы мыңдаған ауыл тұрғындарына көмектесті. Ел тұрғындарының мүддесі үшін комиссия мүшелері әділдік іздей бермек.

А. Серік