Русский Сайттың толық нұсқасы

Қазақстанда Toyota зауыты ашылуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 05 қазан 2022
  • 1281

Мұнай қымбаттады. ОПЕК ұйымы шикізат өндіру көлемін тәулігіне 1 млн баррельге дейін азайтпақ. Оған не себеп? Осы және өзге де ақпараттар экономика топтамасында.

Toyota зауыты Қазақстанда ашылуы мүмкін. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтің айтуынша, қазір келіссөздер жүріп жатыр. Егер бренд маркалы зауыт елімізде ашылса, ең табысты жобалардың бірі болмақ.

Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ, ҚР ИНДУСТРИЯ ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Біздің өндірушілер тиісті келіссөздерді жүргізіп жатыр, бизнес арасында мұндай процестер жүретіні түсінікті. Мемлекеттік органдармен бизнес-корпорациялар бұл мәселелерді талқыламайды. Бұл тұрғыда қаражат салу, өкілеттік, көлікті өткізу нарығын қамту сияқты тақырыптар пысықталады. Дегенмен, бұл бастаманы нақты жүзеге асыру мүмкіндігі туралы ештеңе айта алмаймын.

Еске салайық, өткен апта жапониялық көлік өндіруші компания Санкт-Петербургтегі зауытын жабу туралы шешім қабылдады. Мұндай ақпаратты көрші елдің БАҚ өкілдері хабарлады.

Бүгін ақша айырбастау орындарында доллар бағамы 2,54 теңгеге төмендеп, 470 теңгеге тең болды. Шетел валютасының құны әзірге тұрақсыз. Kurs.kz мәліметінше, қазір Алматының ақша айырбастау орындарында долларды сатып алу бағамы – 471 теңге, сату – 476 теңге. Ал Астанада америкалық валюта орта есеппен 471 теңгеден сатып алынып, 476 теңгеден сатылып жатыр.

Ал керісінше, мұнай қымбаттап жатыр. BRENT сұрыпты мұнай 90 долларға, АҚШ-тың WTI шикізаты 84 долларға саудалануда. ОПЕК ұйымы пандемия басталған уақыттан бері қара алтын өндірісін барынша қысқартуды көздейді. Рейтер агенттігінің хабарлауынша, ұйым шикізат өндіру көлемін тәулігіне 1 млн баррельге дейін азайтпақ. Әлем нарығында мұнай азаюы мүмкін деген болжам бағаның өсуіне ықпал етіп отыр дейді сарапшылар.

Қазақстан ақша-несие саясатын қатаңдатуы қажет. Бұл туралы халықаралық валюта қорының сарапшысы Николя Бланше айтты. Оның сөзінше, халықаралық ұйым еліміздегі инфляцияға тиімді қарсы тұру бойынша бірқатар ұсыныс әзірлеген. Қор валютаның құнсыздануының теріс әсерін күшейтпеу үшін бұған мамандандырылған органдар араласуы керек дейді.

Николя БЛАНШЕ, ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ВАЛЮТА ҚОРЫ МИССИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бағаны бақылау және экспортты шектеу төтенше жағдайдағы соңғы шара ретінде ғана тиімді болуы мүмкін. Бірақ жалпы шешім ретінде бұл жұмыс істемейді деп ойлаймыз. Қазақстан Ұлттық Банкінің инфляциямен байланысты жағдайды бақылау үшін қажетті мандаты болуы тиіс.

Б. Сатуов