Русский Сайттың толық нұсқасы

Павлодарда алаяқтар өзге біреудің атынан 5 млн. 300 мыңнан астам теңге несие рәсімдеген

  • AstanaTV
  • 06 қазан 2022
  • 1440

Павлодар облысы тұрғынының атынан белгісіз біреулер 5 млн 300 мың теңге несие рәсімдеген. Екі бірдей банкке қарыз боп қалған медбике енді не істерін білмей дал. Банктің ай сайынғы төлеміне айлығым да жетпейді деген ол арнамызға хабарласып, көмек сұрады. Бұл іске банк қызметкерлерінің қатысы бар деп күдіктенеді. Ал банктің бұған жауабы қандай? Өңірдегі тілшіміз Өзгеріс Қуанар жалғастырады.

Айтгүл Қанағат - 22 жаста. Ауруханалардың бірінде медбике болып жұмыс істейді. Ол «Банк қызметкерімін» деп қоңырау шалған пысықайларға оңбай алданып қалды. Алаяқтар айналдырған 1 сағаттың ішінде екі банктен 5 млн. 300 мың теңгеден астам несие рәсімдеп жіберген.

Айтгүл ҚАНАҒАТ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

«Форте» банктен 3 млн 859 мың 77 теңге алған. Евразийский банктен бір жарым млн. алған. Біреуі 4 жылға, біреуі 5 жылға алынған кредит. Және де ай сайын екеуін қосқан кезде 200 мың теңгедей кредитті төлеу керек. Ал менің айлығым оған жетпейді. 140 мың теңге зарплата алам.

Бұндай қомақты көлемдегі несиені екінші деңгейлі банктердің қалай бергені белгісіз. Айтгүл бұған банк қызметкерлерінің қатысы бар деп күдіктенеді.

Айтгүл ҚАНАҒАТ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

6-7-нің кезінде звандаған. 6 жарым. Одан кейін кредиттің рәсімдеу уақыты 8-ден кете болған. Бұндай уақытта қандай банк береді деп ойлаймын. Банктің де қатысы бар деп ойлаймын. Өйткені банктер алтыға дейін, әрі кетсе, жетіге дейін ғана жұмыс істейді. Бір күнде екі банк қалай кредит оформить еткенін білмеймін.

Аталған іске байланысты полиция алаяқтық бабымен іс қозғаған. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, өзге ақпарат жариялауға жатпайтынын айтты. Ал заңгер банк тарапынан өрескел заңсыздықтарға жол берілген деп отыр.

Қанат БЫҚИЯ, ЗАҢГЕР:

Заңсыздыққа жол берілгені көрініп тұр. Өйткені бірінші клиентке 5 минуттың ішінде ірі көлемдегі сумманы банктің қаржы төлем жағдайын төлеместен қолына ұстатқан. Екінші, ірі сумманы бір күнде үш қаладан шешіп алуға жол берілген. Павлодар қаласында, Астана қаласында, Қостанай қаласында.

 «Евразия» банкі ішкі тексеру жұмыстары басталғанын хабарлады. Ал «Форте» банк өкілдері клиенттері туралы мәлімет бере алмаймыз деп қысқа қайырды.

«Eurasian Bank» баспасөз қызметі:

Тұтынушымыздың алаяқтардың құрбаны болғанына өкінішімізді білдіреміз. Біз өз кезегімізде осы тергеу аясында құқық қорғау органдарына сұраныс бойынша қолдау көрсетеміз.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Павлодар облысында биыл 1000-нан астам адам алаяқтың құрбаны болыпты. Бірақ пысықайлар табылар емес. Банк қызметкерлері де, полиция мамандары да бейтаныс адамдармен телефон арқылы сөйлескенде абай болуға шақырады. Жеке бас құжаттарды жариялауға тыйым салады.

Ө. Қуанар