Русский Сайттың толық нұсқасы

Қаржылық пирамида ұйымдастырғандар сотталды

  • AstanaTV
  • 07 қазан 2022
  • 1479

Қаржылық ұйым құрып, жұртты тақырға отырғызған қылмыстық топтың ісіне нүкте қойылды. Пирамиданы ұйымдастырған үш адам 12 жылға сотталды. Орынбасарлық міндетті атқарған тағы бесеуі 10 жылға, қалғандары 8 жылға қамалды. Барлығының дүние-мүлкі тәркіленеді. 25 адамнан құралған топ жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтар 2017 -2020 жылдары Түркістан, Маңғыстау, Жамбыл облыстары мен Шымкент, Астана және Алматы қалаларында жүзеге асырылған. Бұл істе екі мыңнан астам жәбірленуші бар. Мың томнан тұратын қылмыстық істі сот бір жылдан астам уақыт қарады. Сотталушылар өздеріне тағылған айыпты мойындамаған. Олар тек жалдамалы жұмысшы ретінде басшылардың нұсқауларын орындағанын айтқан. Сотта жәбірленушілердің талап арыздары толық қанағаттандырылды. Облыстық соттың мәліметінше, сотталушыларға қолданылған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы өзгертіліп, олар сот залынан дереу қамауға алынды. Үкім заңды күшіне енгенге дейін күзетпен ұсталады.

А. Төребекқызы