Русский Сайттың толық нұсқасы

Шымкент тұрғыны Венгрияда қамауда отырғаны рас па?

  • AstanaTV
  • 07 қазан 2022
  • 1528

Шымкент қаласының тұрғыны Аружан Қапаш Венгрияға жұмыс істеуге кеткен жолдасынан екі айдан бері хабар ала алмай жүр. Олар 10 тамызда соңғы рет сөйлескен. Содан бері тым-тырыс. Тек жақында бір кісі қоңырау шалып, қазақстандық азаматтың қамауда отырғанын айтыпты. Айдың-күннің аманында жолдасынан көз жазып қалған келіншек Сыртқы істер министрлігінен көмек сұрайды.

25 жастағы Аружан Қапаштың айтуынша, Қанатбек өзге елге ақша табу үшін кеткен. Бастапқыда турист ретінде бір айға виза алыпты. Бір аптадай такси жүргізушісі болған. Күнделікті бейнебайланысқа шығып тұратын дейді. Алайда, 10 тамыздан кейін мүлдем хабарсыз қалған көрінеді.

Аружан ҚАПАШ, ҚАНАТБЕК ӨТЕБЕКТІҢ ЖАРЫ:

Осы жақында ғана бір әзірбайжан келіншек звондады біздің мамамызға, Сол келіншек күйеуімнің қамалып кеткендігі туралы айтты бізге. Одан кейін соттың әлі болмағандығы туралы айтты. Ол таксовать етіп жүрген кезде заңсыз адамдарды тасыған екен. Ішінде 7 адам болған екен машинасының ішінде. И сол адамдарды тасыған кезде может ұсталып қалған да..бізге Қанаттың өзі хабарласқан жоқ, жаңағы әйел арқылы біліп отырмыз біз. Қанатпен сөйлесе алған жоқпыз мүлдем.

Аружанның айтуынша, күйеуінің қақ-соқпен жұмысы жоқ, кісінің ала жібін аттамайтын жан. Елдегі 170 мыңдай жалақымен қордаланған қарызды жабу мүмкін болмағасын сонда кетіп еді дейді. Аружан елшілікке хабарласқан, бірақ олардан да 17-тамыздан соң жауап болмай қалғанын айтады.

Аружан ҚАПАШ, ҚАНАТБЕК ӨТЕБЕКТІҢ ЖАРЫ:

Алдыңғы бір хабарласқан кезімізде айтқан: «депорт жасап мүмкін келіп қалатын шығар...» деп. «Біз негізі осы Қазақстанның әрбір азаматын қорғауға міндеттіміз» - деп сол кезде айтқан кезде көңілім жылып қалған еді, көмектесетін шығар деп. Одан кейін ешқандай да көмек көрсетіп жатқан жоқ бізге.

Қанатбектің отбасы қазір әрі-сәрі күйде отыр. Бар үмітіміз елшілікте дейді.

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Аружан жолдасын іздеп шетелге бара алмайды. Оған мүмкіндігі жоқ екенін айтады. Банкке берешегі көп болғандықтан есепшотттары бұғатталған. Сыртқы істер министрлігіне біз хабарластық. Ондағылар «Ақпаратты тексеріп жатырмыз» деп жауапты қысқа қайырды.

А. Төребекқызы