Русский Сайттың толық нұсқасы

«Оқушыларға берілген тамақ ішінен тарақан мен шаш шықты», - ата-ана

  • AstanaTV
  • 07 қазан 2022
  • 3526

Оқушыларға берілген тамақ ішінен тарақан шықты. Ата-аналар мектеп асханасының талапқа сай емес екенін айтып, шу көтерді. Шикі тоқаш, күйген котлет пен шаш араласқан ботқаны балалар жей алмайды дейді. Үйлеріне ашқұрсақ қайтатын көрінеді. Ал, мектеп әкімшілігі мұны мойындамайды. Айтуларынша асхана да, тамақ та барлық талапқа сай. Сонда кімдікі жалған, кімдікі рас?

Астанадағы Халықаралық мектепте балалар тамағынан шаш пен тарақан шықты. Оны оқушылар суретке түсіріп алған. Мектеп жекеменшік болғаннан кейін білім алушыларды тегін тамақпен қамтамасыз етпейді. Ата-аналар ас үшін жылына жарты миллион теңге төлейді. Сөйте тұра, сапасыз тамақ береді деп ашуланады.

Әсел ӘКІМОВА, АТА-АНА:

Тамақтың ішінде ашып кеткен, бүлініп кеткен тамақтар беріледі. Балалар 90 процент тамақтардың барлығын лақтырады. Және күні кеше жәндік тауып алдық тамақтың ішінде. Менің балам екінші жыл оқып жатыр. Екі жыл бойы менің баламда дискинезия желчевыводящих путей деген диагноз койылды.

Мектеп басшылығы бұған жауап беруден бас тартты. Алдымен санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізіледі, соның нәтижесі шыққан соң ғана мәселенің мән-жайы белгілі болады деді.

Ғабит ҚУАНЫШ, АСТАНА қ. ХАЛЫҚАРАЛЫҚ МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біз санитарлық-эпидемиологиялық сараптама жүргізу үшін құжат тапсырдық. Олар мектеп асханасын, тамаққа жауапты компанияның жұмысын тексереді. Жауап шыққаннан кейін ғана, нақты ақпарат айтамыз. Оған дейін ешқандай жауап бере алмаймыз.

Ал асханаға жауапты мердігер компания ата-аналардың шағымымен келіспейді.

Хадиша АСАБАЕВА, КОМПАНИЯ ДИРЕКТОРЫ:

Таракан деген жоқ, ол дұрыс мәлімет емес. Ол суреттегі тамақта тұрған шаш, булочканың үстіндегі, біз ондай тамақ берген емеспіз. Ондай болған жоқ. Тамақтың дәмділігі жайлы, тамақты мұздай береді деген жайлы айтарым, тамақтың дәмі өте дұрыс. Себебі медблокта үш кісі отыр. Олар таңғы ас, түскі ас, түстен кейінгі астың дәмін көреді.

Алматылық ата-аналардың да асхана жұмысына көңілі толмайды. Екатерина Бутенконың қызы Алматы облысындағы №117 мектепте оқиды. «Оқушыларға шикі немесе көгеріп кеткен тоқаш, күйген котлет пен жағымсыз иісі бар жеміс-жидек беріледі», - дейді.

Екатерина БУТЕНКО, АТА-АНА:

Мектебіміздегі тамақтар дәмсіз. Балалардың іші ауырып, ұшынған сәттер де болған. Қызымнан оқу жылының бірінші күні «Не тамақ берді?» деп сұрадым. Ол «Дәмсіз макарон жедім» деп келді. Әрине, тегін тамақ беретіндеріне ризамыз. Бірақ тамақтың сапасын көтерсе екен дейміз.

Наразылық жиілеген соң мектепте тамақтану сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық сараптама тобы құрылған. Оның мүшелері де ата-аналардың сөзін қоштайды. Санитарлық – эпидемиологиялық бақылауға шағым түсірген.

АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ:

Сараптама тобының мүшелері тамақтану сапасына мониторинг жүргізу жөніндегі комиссияның және асханадағы сапалы тамақтану ұйымдарының қызметін зерделеу мақсатында Әуезов ауданындағы №117 жалпы білім беретін мектепте болды. Бұзушылықтар тіркелген және актіде көрсетілген. Қазіргі уақытта мәселе қаралуда.

Асхананы жалға алушылар аспаздардың жұмысында ешқандай кінәрат жоқ дейді. Десе де, мәселені шешу үшін тиісті жұмыстар атқарылып жатқанын айтады. Бұған арнайы қамқоршылық кеңесі де атсалысуда.

А. Задабек