Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы мектеп әлі күнге дейін пеш жағып отыр

  • AstanaTV
  • 07 қазан 2022
  • 3650

Түркістан облысы Қазығұрт ауданында 400-ге жуық бала апатты мектепте оқып жатыр. Тұрбат ауылдық округіндегі білім ошағы көмірмен жылытылады. Сондықтан қыстың күндері суық болады дейді мұғалімдер. Ескі мектепте сынып бөлмелері де жабдықталмаған. Спорт зал, асхана дегенді мұндағылар армандамайды да. Ауыз су күніне екі-ақ сағат ағады.

Төбесін бөренемен тіреп қойған бұл ғимарат- Өндіріс ауылындағы «Жаңатірлік» орта мектебінің қосалқы бөлігі. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған ғимарат құлаудың аз-ақ алдында тұр. Бала оқып жатыр деген аты болмаса, қазіргі талапқа мүлдем сай келмейді. Үш бөліктен тұратын мектептің негізгі ғимаратын да ауыл тұрғындары асар әдісімен салған.

Арыстан СМАНОВ, "ЖАҢАТІРЛІК" ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Бұл мектеп апатты мектеп еді негізі. Бұның технический заключениесін алып қойғанбыз. Сондықтан енді ар жаққа сыймағаннан кейін, үшінші сменге өтетін болғаннан кейін балаларды оқытып жатырмыз, уақытша. Спорт зал жоқ. Асхана жоқ типовой салынған. Интерактивті доска да жоқ бізде бұл жерде.

Бастауыштың балғындары білім алып жүрген нысан қатты отынмен жылытылады. Терезе әйнектері де түгел емес. Жамап-жасқап қойған, бірақ оның өзі жалбырап тұр. Ал сынып бөлмелерінің төбе сылақтары түсе бергендіктен мұғалімдер өздері ақша жинап, жаңалатқан көрінеді. Айта берсе, кем-кетік көп.

Асан ҮСІПӘЛИЕВ, ҚАЗЫҒҰРТ АУДАНДЫҚ АДАМИ ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Ғимарат өте ескі. Сабанды кірпіштен салынған. Бұған күрделі болмаса ағымдағы жөндеуге қаржы қоя алмаймыз. 2021 жылғы жоспарымыз бойынша 2021 жылы қаңтар айында «Ақпарақ» мектебі ашылу керек еді, ашылмай қалды. Егер ашылмаған жағдайда қыс айларында тасымал ұйымдастырып, Тұрбат ауыл округінде бұдан басқа мектептеріміз бар. Соған тасымал ұйымдастыруға дайын тұрған жағдайымыз бар.

Түркістан облысында төрт апатты мектеп бар. Жауаптылар жыл соңына дейін екі мектептің құрылысы аяқталатынын айтады.

Бауыржан АХМЕТОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ АДАМИ ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Одан бөлек екі мектебіміз 2023 жылы тапсырысқа беріледі қолданысқа. Ол мынау- Қазығұрт ауданы Тұрбат елдімекеніндегі 300 орындық мектеп. Сарыағаш ауданындағы Бағыс елдімекенінде 300 орындық Мұратбаев атындағы жалпы орта мектептер.

Ал аймақтағы 11 мектепте балалар үш ауысыммен оқиды. Сала басшылары олардың мәселесі де кезең кезеңімен шешіледі дейді.

А. Төребекқызы