Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттікке ұсынылуын халық қолдайды. Бұл «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXIV Съезі мен Халықтық коалиция форумында айқындалды. Съезге қатысқан делегаттар мұны қазір өңір-өңірде талқылауда.
Алматыда Съезд делегаттары мен форумға қатысушылар «Жастар Рухының» белсенділерімен кездесті. Мемлекет басшысының саяси және экономикалық реформаларын талқылады.
Әкежан КЕҢЕСОВ, «ЖАСТАР РУХЫ» АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
«AMANAT» партиясы өзінің кандидатурасы ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлын ұсынды. Оны барша аманаттықтар, съездге қатысушылар бірауыздан қолдады және «AMANAT» партиясының басты идеологиялық құжаты – Саяси тұғырнаманы бірге қабылдадық.
Қарағандыда да белсенді пікірталас өтті. Медициналық мекеме ұжымы қазір бейбітшілік пен келісімді сақтау бұрынғыдан да өзекті дейді.
Лали ПАК, ГИНЕКОЛОГ-РЕПРОДУКТОЛОГ:
Мен сайлаудың бірінші кезекте ашық, әділ өткенін қалаймын. Қазақстан бүгінде посткеңестік кеңістіктегі тұрақтылық орнаған ел болып отыр. Еліміз көпұлтты, егер біз бірге шешім қабылдасақ, бәрі жақсы болады. Ең бастысы, бейбітшілік.
Ақтаулық кардиохирург Нұрлан Тілепов те делегат боп съезге қатысқан. Ол жиналғандарға Съезд жұмысының нәтижелері, жаңа Саяси тұғырнаманың қабылданғаны және алдағы президенттік сайлауға дайындық туралы айтты.
Нұрлан ТІЛЕПОВ, КАРДИОХИРУРГ:
Мен Съездің делегаттары, «AMANAT» партиясының мүшелері Мемлекет басшысын партияның кандидаты ретінде белсенді қолдауға бел буғанына сенімдімін.
Аманаттықтар Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттікке кандидат ретінде бір ұйымнан емес, бүкіл Халықтық коалициядан ұсынылуы Әділетті Қазақстанды құру үшін түрлі көзқарастар мен мүдделер, түрлі сенімдердегі адамдардың бірігуге дайын екенін көрсетті дейді.
А. Серік