Қызылжарда 2018 жылға дейін
ескірген су және жылу жүйелерінің 10 пайызы жаңартылмақ. Ал қазір өңірдегі
құбырлардың 72 пайызы тозып тұр. Бұл
жайында бүгін "Нұр Отан" партиясы ішіндегі «Нұрлы жол» комиссиясының
кезекті отырысында айтылды.
Жиынға қатысушылары тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылықты жаңғырту мәселесін пысықтады. Бүгінде аталмыш саланы дамыту
мақсатында өңірде 6 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жалпы құны 3 миллиард 287
миллион теңгені құрайды. Қазір аймақта коммуналдық жүйелерге мейілінше көңіл
бөлініп отыр. Себебі кеңес үкіметі заманында тартылған жүйелер әбден ескіріп,
тез арада жаңартуды қажет етеді. Кәріз құбырларының жағдайы да мәз емес. Оларды
жаңғырту мақсатында жергілікті қазынадан және халықаралық қаржылық институттан
қаражат бөлініп жатыр.
Әділбек Әубәкіров, СҚО
энергетика және ТКШ басқармасының басшысы:
Алдағы екі жылда су және жылу
құбырларының тозу көрсеткішін қазіргі 72 пайыздан 62-ге дейін, ал кәріз
құбырларын 62-ден 50 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сол үшін
Еуропалық даму және қайта құру банкінен 2,2 миллиард теңге несие ретінде алдық.
Бұдан бөлек ел үкіметіне 1,5 миллиард және облыстық бюджеттен 150 миллион теңге
бөлінді. Бұның бәрі тұрғындарға жағдай жасау үшін тындырылып жатыр.
«Нұр Отан» фракциясы
мүшелерінің айтуынша, тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту кезінде
мердігерлер бір жүйемен жұмыс істемейді. Бұл халық үшін қосымша ыңғайсыздық
туғызады, дейді олар.
Сергей Тимофеев, облыстық
мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:
Біз алдымен үйлерді салып,
сосын барып қана коммуналдық жүйелерді тартамыз. Негізінде бәрі керісінше болуы
керек. Мұнан бөлек, бір жағадан бас шығару деген жоқ. Бір мердігер суағарларды
тартады, екіншісі жолды төсейді. Кейін кәріз құдықтары дәл жолдың ортасында
тұрады. Барлығына жауап беретін жалғыз мердігер болуы қажет. Онда мұндай
қателіктер жіберілмейді.
Абзал ҚҰРМАНКИН