Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде 76 мың адамның тұрақты жұмысы жоқ

  • AstanaTV
  • 11 қазан 2022
  • 1010

Елімізде 76 мың адам-жұмыссыз. NEET санатындағы жас көп. Жалданып жұмыс істейтіндердің өзі екі қолға бір тірлік таба алмай жүр. Мұны еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің өзі айтып отыр. Жұмыс табу неге қиындап барады? Үкімет мәселені қалай шешпек? Бұл туралы тілшіміз Ақбота Базарбай айтады.

Самат Жолдасов - 5 жылдан бері жалдамалы жұмысшы. Несием көп болғандықтан тұрақты жұмысқа орналаса алмаймын дейді. Амал жоқ, бір күн аз, бір күн көп тапқан табысын қанағат етеді. Бірақ, соның өзіне кедергі келтіретіндер бар көрінеді.

Самат ЖОЛДАСОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Семьямды асырауға жетеді. Бірақ әр жағынан қыса берген дұрыс емес. Міне мына учасковыйлар келеді, ертесінде қысады. Қазір қай жерге барсам да мені жұмысқа алмайды. Өйткені менің кредитім көп басымда.

Самат сияқты базар маңын торуылдап, 2-3 мыңға жалданып жұмыс істейтіндер көп. Арасында тепсе темір үзерлік жас жігіттер де бар. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің айтуынша, қазір іске жарамды адам саны екі жыл бұрынғы көрсеткіштен екі есе көп. Алайда, жұмыс орындары жеткіліксіз дейді.

Тамара ДҮЙСЕНОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Жұмыс күші жылына орта есеппен 36,4 мың адамға өссе, бұл көрсеткіш былтыр 2 есе өсіп, 76 мыңға жетті. Оларды жұмыспен қамту мәселесіне келсек, аталған кезеңде жалдамалы жұмыскерлер саны 68,8 мың адамнан 23,5 мың адамға дейін азайды. Бұл пандемия мен әлемдік экономикалық қиындықтарға байланысты туындап отыр.

Әсіресе, Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облысында жұмыссыздық мәселесі шешілмей тұр. Үкімет тіпті субсидия да қарастырған. Сонда да не жұмысы, не мамандығы, не оқуы жоқ жастар көбейген.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Жастарға бірінші кезекте жұмысқа орналасуға көмектесу керек. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша NEET санатындағы жастардың саны Ұлытау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл және Алматы облыстарында көп. Ал, бұл өңірлерде мамандарға сұраныс көп. Аталған облыстардың әкімдіктері жастарды оқытып, жұмысқа орналастыру мәселесін жеке бақылауға алсын.

Премьер-Министр жастарды жұмыспен қамтудың жаңа тәсілдерін әзірлеуді тапсырды. Жұмыспен қамту идеологиясын өзгертіп, инфрақұрылымын жаңғырту және жұмыспен қамту орталықтарының қызметін толық цифрландыру керек деді. Осы бағытта атқарылу керек жұмыстарды Еңбек, Цифрлық даму министрліктері мен жергілікті әкімдіктерге жүктеді.

А. Базарбай