Русский Сайттың толық нұсқасы

«Астанада өтіп жатқан саммит – бірліктің бастауы болады», - сарапшы

  • AstanaTV
  • 13 қазан 2022
  • 3053

Астанада өтіп жатқан саммит – бірліктің бастауы болады. Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес туралы сарапшылар осылай дейді. Белсенділер геосаяси ахуал ушыққан, алмағайып кезеңде халықты қиындықтан алып шығатын тек бейбітшілік екенін айтады. Сондықтан тұрақтылық пен татулық туын желбірететін саммит тек Қазақстан үшін емес, Азия мемлекеттері үшін аса ауқымды маңызды шара. Көптен күткен жиында айтылған ұсыныстар туралы сарапшылар тағы не түйді? Келелі кеңестен не күтеміз? Келесі бейнематериалда.

Азия - ең көп халық шоғырланған континент. Жер бетіндегі халықтың 60 проценті осы құрлықта тұрады. Сондықтан болар, мұндағы мемлекеттер арасында саяси дау жиі болып тұрады – дейді сарапшылар. Қақтығыс ошағына айналған аймақтар да жоқ емес. Индия мен Пәкістан, Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы кикілжің шешімін таппай тұр. Ауғанстан мәселесіне де бүкіл әлем алаңдап отыр. Қазір геосаяси жағдай күрделі. Кеңесте осындай жаһандық және аймақтық мәселелер шешімін тауып, саяси диалог орнайды деген үміт зор. Жиыннан тек Қазақстан ғана емес, бүкіл Азия жемісті нәтиже күтіп отыр.

Мұхит АСАНБАЕВ, ҚАЗАҚСТАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Бұл жерде делдалдар Қазақстан сияқты, Түркия сияқты мемлекеттердің қосатын үлесі зор. Осындай форумдарда, осындай мәселелер, екі жақ тарап келісе алмаған нәрсені осындай көпжақты форматта шешу әбден мүмкін.

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің құрылғанына биыл- 30 жыл. Қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуді мақсат еткен халықаралық ұйым өз міндетін бүгінгі жиында тағы бір рет дәлелдеді деуге болады. Сарапшылардың сөзінше, жиында айтылған ұсыныстар мемлекеттер арасындағы бірлікті нығайтып қана қоймай, дамуға жол бастайды. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан экология мәселелерін шешу – басты назарда болуы керек. Өйткені, климаттық дағдарыс әскери қақтығысқа әкеп соқтыруы мүмкін – дейді.

Әлішер ӘБДІРЕШОВ, ҚАЗАҚСТАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Экологиялық қауіпсіздікке назар аударған жөн. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы Астанада экология мәселелері бойынша жоғары деңгейдегі конференция өткізуді ұсынды. Бұл -құптарлық жәйт. Себебі, бұл жұмысты бір жолға қойсақ, суға деген тапшылық та болмайды. Экология саласындағы ынтымақтастықты күшейту маңызды екенін түсіну керек. Жиында бұдан өзге де маңызды тақырыптар көтерілді. Кеңестен барлығымыздың күтеріміз көп. Жасыл дәліз ашуды да қос қолдап қолдаймын.

Бүгін Президент біз геосаяси дауылда өмір сүріп жатырмыз – деді. Сарапшы Ерболат Сейлеханов бұл пікірмен толық келісетінін жеткізді. Айтуынша, әлемде болып жатқан жағдайлар Азия халқын құлдыратпай, керісінше өрге сүйреуі тиіс екенін айтты. Себебі бізді бұл ауыр кезеңнен алып шығатын тек бейбітшілікке деген ортақ ұмтылыс.

Ерболат СЕЙЛЕХАНОВ, ҚАЗАҚСТАН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР ИНСТИТУТЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Қауіпсіздік пен тұрақтылық – саммитте айтылған басты тақырып. Азия құрлығын көп конфликт орын алатын мекен деуге болады. Жиында осы сұрағы көп мәселелер шешіледі деген үміт бар. Одан өзге де Азия елдерін дамытуға бағытталған басты міндеттер де айтылды. Шешімдер қабылданып жатыр.

Мемлекет басшысы айтқан тұрақтылыққа жету – басты мақсат. Сарапшылар саммит 11 мемлекет басшысы мен 50-ден аса делегатты жинап қана қоймай, өзекті тақырыптарды көтерген ашық диалог алаңына айналды – дейді. Қазір әлем назары -Қазақстанда. Кеңес қатарының толығуы мен мәселелер түйінінің тарқалуы Азия басқосуының маңыздылығын дәлелдейді.

А. Задабек