Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақылбек Күрішбаевтың депутаттық өкілеттігі тоқтатылды

  • AstanaTV
  • 13 қазан 2022
  • 1171

Ақылбек Күрішбаев бүгін депутаттық мандатын тапсырып, Сенаттан кетті. Сенат спикері Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, ол басқа жұмысқа ауысуына байланысты өкілеттігінен бас тартқан. 2 жылда аграрлық мәселелерде, ауылдық аймақтарды дамытуда атқарған нәтижелі жұмысына, заң шығару ісі мен өңірлердегі мәселелерді шешудегі белсенділігіне ризашылық білдірді.

Ақылбек КҮРІШБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ЭКС-ДЕПУТАТЫ:

Қазір мемлекет басшысының саясаты шеңберінде алдымыздағы жылдары ауылшаруашылық саласы өте жақсы дамиды, үлкен серпіліс болады. Саланы дамыту үшін біріншіден бізге жаңа фармациядағы ғалымдарды дайындауымыз керек. Содан кейін, жаңа технологиялар керек. Халықаралық дәрежедегі ғылыми-зерттеу университетін құруға бара жатырмын.

Бүгін сенаторлар қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға қарсы екі заң қабылдады. Сондай-ақ, отырыста депутат Айнұр Арғынбекова Абай облысының ескірген жылу-электр орталығы мен құрылысы аяқталмай тұрған үйлер мәселесін көтеріп, Үкіметке сауал жолдады. Жаңа облыста әлеуметтік маңызы бар нысандарды жөндеу үшін қаражат мәселесі шешілмей тұр дейді.

Айнұр АРҒЫНБЕКОВА, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Жылыту маусымының үзіліп қалу қаупі бар, бұл климаты қатал аймақтағы халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін жағдайларға әкелуі мүмкін. Бюджет заңнамасына сәйкес жоба құнының қымбаттауына байланысты шығыстар жергілікті бюджет есебінен берілуі тиіс. Алайда, Абай облысында қаржының жетіспеушілігін ескере отырып, Үкімет қаржы бөлу мәселесін қайта қарауды сұраймын.

А. Базарбай