Русский Сайттың толық нұсқасы

Әулиекөлдің іргесінен қалашық бой көтерді

  • AstanaTV
  • 13 қазан 2022
  • 1303

Қостанай облысында алапат өрт салдарынан баспанасыз қалған тұрғындар таяуда жаңа мекенге қоныстанады. Қалашық Әулиекөл кентінің іргесінен бой көтерді. Құрылыс жұмыстары 6 қыркүйекте басталған. Қысқа мерзімде инфрақұрылым тартылып, 91 үй салынды. Ал шығынға батқан өңір кәсіпкерлеріне қандай көмек көрсетілді? Тілшіміз біліп келді.

Құрылыстың бітуін тағатсыздана күтіп жүргендердің бірі Жұмагүл Рахметова. Ол бір айдан бері бала-шағасымен көршісінің үйін паналап жүр. Алапат өрт кезінде Аманқарағайдағы баспанасы мен күллі дүние-мүлкі күлге айналған.

Жұмагүл РАХМЕТОВА, ӘУЛИЕКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бәрі жанып кетті.Ештеңе қалған жоқ. Далада қалдық па деп едік. Құдайға шүкір үй берейін деп жатыр.Соған өте қуаныштымыз.Басқа барар жеріміз жоқ.

Қазір баспанның барлығында дерлік ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Ауланы қоршап, абаттандыру да мердігерге жүктелген.Тұрғындар дайын үйге қоныстанады.

Виталий БЫЧКОВ, ӘУЛИЕКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жаңа үй жақсы ғой. Біздің үйлер ескі болды. Мұнда газ, су бар. Біз дән разымыз.

Алапат өрттен 17 кәсіпкер зардап шеккен. Акиф Байрамовтың жол бойындағы дәмханасы үйімен бірге жанып кетіпті.

Акиф БАЙРАМОВ, КӘСІПКЕР:

Қазірдің өзінде дәмхананы қалыпқа келтіру жұмыстарына 9 миллион теңге жұмсадым. Толық жөнеу үшін шамамен 30 миллиондай қаражат қажет.

Әулиекөлдік кәсіпкерге арнайы қордан 14 миллион теңге берілді. Қазір ол жатақханада, отбасы туған туыстарын паналаған. Құрылыс аяқталған соң Байрамовтарға да жаңа қалашықтан баспана бұйырады. Жалпы орман өртінен зардап шеккен аймақтағы шағын және орта бизнес өкілдерінің 5-уіне «Күшіміз бірлікте» қорынан 36 миллион теңге беріліпті. Қалғандарына да біртіндеп қаржылай көмек көрсетуді жоспарлап қойған.

З. Санай