Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбеде бүкіл тұрмыстық техника жанып кеткен

  • AstanaTV
  • 17 қазан 2022
  • 1312

Ақтөбеде электр желісінің қысқа тұйықталуы кесірінен қырық шақты үйдің тұрмыстық техникасы жанып кетті. Тіпті кейбірінің пештеріндегі қазандықтары істен шыққан. Бұқара мұны ескі трансформатордан көріп отыр. Шығынды енді кім өтейді? Жергілікті биліктің уәжі қандай? Тілшіміз тарқатады.

Электр желісінің қысқа тұйықталуынан Лайық Айтбаевтың су соратын насосы мен теледидары бір сәтте істен шыққан. Жер астынан ауыз суды алып отырғандықтан, насосты дереу алпыс мың теңгеге сатып алыпты. Ал теледидарды алмастыру үшін тағы 200 мың теңге қажет дейді.

Лайық АЙТБАЕВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біздің насос перенапрежениеден жанып кетті. Насос негізі үйге беретін су ғой, ішеміз. Отопление. Свет.

Ескі трансформатордағы ақаудан қырық шақты үйдің тұрмыстық техникасы жанып кеткен. Халық белшеден шығынға баттық дейді.

Айгүлім ӘБДІҒАНИЕВА, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Соның кесірінен көбісінде котель жанып кетті. Біріншіден, холодильник, телевизор, лампочка екі бастан. Қазіргі уақытта есептегенде шығын көлемі 2 миллионға жақын деп тұр ғой. Ол оданда көп. 13 үйдің шығыны ғана осы. Қалғаны есептелуде.

«Ақтөбе сельмаш 10» - бұрын бау-бақша ұжымы болған. Бұл жерге үй салуға арнайы рұқсат тек бес жыл бұрын ғана берілген еді. Ал электр желісі жекенің меншігінде қалған. Тек осы жылы ғана бұл аумақтағы жоғарғы кернеулі стансаны қалалық әкімдіктің балансына көшіру жұмыстары қолға алыныпты.

Абай ОРЫНБАСАРОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАЛЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Бұл жерде ол тұрғындардың негізгі құрылғы санауыштары істен шығып, жанып кеткен. Осындай жағдай орын алған. Ол енді төрағаның мойнында қалған. Бізге тапсырылмаған. Сондықтан біз оған жауап бере алмаймыз. Жаңа жоба жасалу керек ол жаққа стандартқа сай келу керек. Сондан кейін әрі қарай қызметтер жасалады.

Демек жоғары кернеулі бағандар әлі әкімдікке өтпеген. Оның қожайыны жоқ. Осыны желеу еткен жергілікті атқамінерлер шығынды өтеуден бас тартып отыр. Жаңа жобаға сай ескі трансформатор жаңасына ауыстырылуы тиіс. Тек сонда ғана мәселе шешілетініне сенімді.

Б. Рақметова