Русский Сайттың толық нұсқасы

Елімізде маскүнемдікті емдейтін орталық жетіспейді

  • AstanaTV
  • 18 қазан 2022
  • 1678

Ел ішінде маскүнемді сауықтыру орталық жетіспейді. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов, тағы 32 нысан салу керек дейді. Демек маскүнемдер көбейіп кеткені ме? Аружан Задабек тарқатады.

Аружан ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Әдетте бұл көшенің бойын ішімдікке сылқия тойған азаматтар кезіп жүреді. Жаз бойы мынадай қораптан төсеніш жасап, түнеп шығады. Ал күз келіп, қара суық басталғаннан кейін бұл маңнан көше кезгендердің қарасын да байқамайсың. Қайда қонып, қай жерді мекен етіп жүргендері де белгісіз.

Түркістандық Әсемгүлдің жанұясы ащы судың кесірінен ойран бола жаздады. Күйеуі ішімдікке салынып, күнде әйелі мен балаларын ұруды әдетке айналдырған. Отбасындағы жанжалдан әбден шаршаған ана, жолдасын сауықтыру орталығына жатқызуға көндіреді. Бірақ, нәтиже бермеді – дейді.

Әсемгүл, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Күйеуім ішкенін қоймағаннан кейін, өз еркімен барып емделу үшін Наркологиялық центрге жатты. Бірақ күйеуім ешқандай условия жоқ деп 1 аптадан кейін қоярда қоймай шығып кетті. Кейін амал жоқ халық еміне жүгіндік.

Қазақстанда Әсемгүлдің күйеуі секілді ішімдікпен күресіп жүрген қаншама адам бар. Бірақ, оларды емдейтін орын жоқ. Осылай деген Ішкі істер министрі елімізде 778 төсек-орынға арналған 35 айықтыру орталығы жұмыс істейтінін айтты. Сөзіне сенсек бұл өте аз. Ащы судың ауына түскендерді сауықтыру үшін әлі 32 мекеме салыну қажет.

Марат АХМЕТЖАНОВ, ҚР ІШКІ ІСТЕР МИНИСТРІ:

Өскеменде 20 төсек-орынға арналған бір ғана мекеме жұмыс істейді. Ал, полицейлер жеткізген 7 мың құқық бұзушылықтың 5 мыңы ғана орналастырған ол жерге. Сол сияқты Павлодарда 24 төсек-орны бар бір ғана мекеме бар. Көкшетауда мүлдем жоқ. Жалпы еліміз бойынша бар-жоғы 20 ғана мамандандырылған 20 наркологиялық мекеме жұмыс істейді.

Республика бойынша Кереку маскүнемдерді айықтыру бойынша көш бастап тұр. 9 айда 29 мың адам аталған орталыққа жүгінген. Бірақ атқамінерлер орын тапшы дегенмен келіспейді.

Гүлнәр ПІШЕМБАЕВА, ПАВЛОДАР ОБЛЫСТЫҚ ПСИХИКАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Біздің облыста айықтырғыштарда 50 орын бар. Павлодар қаласында 25 орын, Екібастұзда 15, Ақсуда 10 орын дайындалған. 9 айда 29 мың адам осы мекемеден өтті. Бұл республика бойынша ең жоғары көрсеткіш. Сондықтан, орын саны бойынша проблема жоқ.

Ал нарколог Тоқтар Қойшыбеков елде алкогольдық сусындарды тұтынатындардың дені – жастар. Әсіресе, қыз-келіншектер арасындағы ащы суға тәуелділік деңгейі артып барады.

Тоқтар ҚОЙШЫБЕКОВ, НАРКОЛОГ:

Бүкіл Қазақстанда 100 мыңдай адам есепте бар. Алкогольге тәуелді адамдар. Ал, енді саны азайса да, бірақ науқастардың жасы жасарып бара жатыр. 80-90 пайызы адамдар көбінесе 45-50-60 жастағы адамдар, 90 пайызы. Солай болушы еді. Қазір 90 пайызы олар 28-30 жастағы адамдар.

Қоғам белсенділерінің пайымынша ішімдікке салыну қоғам дертіне айналғалы қашан. Медициналық орталықтардың аз болу мен нарколог мамандардың жетіспеуі онымен күресуге кедергі келтіріп отыр – дейді.

Гүлнар ОМАРОВА, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ:

Маскүнемдік – бұл үлкен дерт. Қазіргі уақытта, қоғамда бұл мәселе көп көңіл бөлмейді неге екенін. Медициналық орталықтардың аз болуы, бұл жерде мамандарды дайындау мәселесіне көп көңіл бөлу керек. Алдын алу керек, прафилактика болу керек.

Қазақстанда жарты миллионнан астам адам ішімдікке құмар. Бұл тек ресми дерек. Дәрігердің айтуынша, көрсеткіш іс жүзінде әлде қайда көп болуы мүмкін.

А. Задабек