Русский Сайттың толық нұсқасы

Астанадағы теміржол тұйықтарында көмір түнде көліктерге артылып, жөнелтіліп жатыр

  • AstanaTV
  • 18 қазан 2022
  • 1888

Астанадағы көмір түсірілетін теміржол тұйықтарында, отын, түнде көліктерге тиеліп, белгісіз жақтарға жөнелтіледі. Бір топ тұрғын арнамызға осылай деп шағым айтты. Олар сөздеріне дәлел ретінде заңсыздықты телефондарына түсіріп алған. Айтуларынша өздері көмір алу үшін сағаттап күтеді, кейде кезекте тұрғандарға жетпей қалып жатыр. Түнде көмір алып жүргендер кімдер? Кәсіпкердің әрекеті шынымен заңсыздық па? Сауалдарға тілшіміз жауап іздеді.

Мына кадрлардан Орталық базар маңындағы тұйықтан түнде бәзбіреулердің көмірді тиеп, кетіп жатқанын көруге болады. Демек қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзып, түнде көмір тасуға жол берілген. Мұны таңнан қара кешке дейін отынға кезекке тұратындар түсіріп алған.

Бақыт АЗАМАТ, КӨМІР ТАСЫМАЛДАУШЫ:

Шұбаркөл көмірін алайын деп келгенбіз. Мұнда 4 вагон тұр. Әлі міне осы уақытқа дейін тұрмыз. Сатпайды бізге. Азанда 9 да келгенбіз, міне 4-5 болып қалды.

Көкенай ТАҢАТҚАН, КӨМІР ТАСЫМАЛДАУШЫ:

Таңертең келсек жоқ, алып кетеді.Кім алып кететінін білмейсің? Тышқан тасып кете ме? Сосын сапа жоқ көмірде. Дәл халыққа, пешке жағатын көмір емес мынау. Сапа нашар емес сапа жоқ. Соның өзін уақытында ала алмай отырмыз.

Құм, тас араласқан көмірді кейде кері қайтаратын кездері де болған. Одан қала берді таразыдан ұтылатындарын айтады. Көмір басындағы кәсіпкер болса, алыпсатарлардың уәжімен келіспейді.

Анзор ХОЖОМИА, ЖШС ДИРЕКТОРЫ:

Міне, қазір ешкім көмірді бермейміз деп отырған жоқ. Қазір майкөбе көмірінің қалдығын алып тастап, сосын шұбаркөл сортын вагоннан төгеді. Мархабат алсын. Кім қарсы? Біз көмірді үйге алып кетпейміз. Ал, негізі түнде көмірді арттырмаймыз. Бірақ, мемлекеттік мекемеден алып кеткені рас.

Әкімдіктегілер биыл көмір тапшылығы жоқ деп отыр. Биылғы сұраныс 464 мың тонна болса, қазір оның 189 мың тоннасы таратылған. Қала аумағындағы 11 тұйықта, отынның 1 тоннасы майкөбе – 12 700, қаражыра – 14 500, ең жоғары сұраныстағы шұбаркөл сорты 13 700 теңгеден саудаланып жатыр. Осы бағаны тұрақты ұстап тұру үшін жыл соңына дейін келісім жасалыпты. Бұзғандар қатаң жазаланбақ.

Абылайхан ОСПАНОВ, АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІ ОТЫН ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ РЕСУРСТАР БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:

Анализ бойынша халық маусым айынан көмір алуды бастады. Астана қаласы бойынша 6 мың газға қосылды. Сол бойынша амиотаж болмайды деп ойлаймыз. Халық келеді көмір алады.

Әкімдік өкілі жеке кәсіпкер мен тасымалдаушы арасындағы мәселе өзара шешілуі тиіс дейді. Тұрғындарды көмірмен қамту жыл соңына дейін жалғасады, сондықтан байбалам салуға негіз жоқ деп отыр.

Астана қаласындағы көмірдің бағасы:

1 тоннасы Майкөбе – 12 700 теңге

1 тоннасы Қаражыра – 14 500 теңге

1 тоннасы Шұбаркөл - 13 700 теңге

Р. Бақытжанқызы