Русский Сайттың толық нұсқасы

"10 күн тілсіз жаумен арпалысу оңай болмады", - құтқарушы

  • AstanaTV
  • 19 қазан 2022
  • 1148

Құтқарушы – нағыз ерлердің қызметі. Өмір мен өлімнің арасында жүріп шапшаң қимылдап , шұғыл шешім қабылдау керек. Қиындыққа толы қызметі жайлы сыр шерткен қостанайлық құтқарушы Ермахан Әкімбеков осылай дейді.

Азаматтық қорғау академиясының түлегі Ермахан Әкімбеков төтенше жағдайлар саласында бір жылдан бері еңбек етеді. Өз ісін жақсы меңгерген жас маман аз уақытта қарауыл басшылығына дейін көтерілген. Құтқарушы қызметі – үлкен жауапкершілікті талап етеді дейді ол.

Ермахан ӘКІМБЕКОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Кезекшілікке түскен сайын біз ол жерде әртүрлі оқыс оқиға төтенше жағдайлар болады.Әр кез барған сайын әртүрлі оқиғаларды көреміз. Ол жерде ойласып барамыз шынын айтқанда. Өлім мен өмірдің арасы сияқты ғой біздің қызмет.

Қыркүйектегі алапат өрт құтқарушылардың біліктілігі мен ауыр жұмысын анық көрсетті. Өрт сөндірушілердің ерен еңбегін ел ескерді. Апта бойы тілсіз жаумен арпалысқан қызметкерлерге халық алғыс айтты.

Ермахан ӘКІМБЕКОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Көптеген қиындықтар болды, ауа райының қолайсыздығы. Желдің қатты болуынан. 10 күн бойы осы алапат өртпен күресу жалғасты.Оңай нәрсе емес негізі. Көп адамдар көрді сол кезде біздің қызметтің қандай қиын екенін.Қанша адамның өміріне қауіп төндіретінін көрді.

Иә, күн сайын басын қатерге тігетін олардың жұмысы қиын әрі қауіпті. Десек те апатты жағдайдың алдын алу үшін, қалың жұрттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ержүрек, елжанды, қырандай қырағы, құрыштай төзімді, шапшаң шымыр құтқарушылар әрдайым адал қызмет атқаруға дайын. Ермахан да келесі шақыртуға аттанды.

З. Санай