Русский Сайттың толық нұсқасы

Жетісудағы қант зауытын қайта іске қосу қажет,- Президент

  • AstanaTV
  • 20 қазан 2022
  • 1401

Жетісу өңірі елдегі қант өндіретін орталықтың біріне айналады. Бүгін Президент аймақта қант қызылшасын егетін аумақты ұлғайтып, Ақсудағы зауытын қайта іске қосуға тапсырма берді. Сонымен қатар ауыз су, көгілдір отынның да мәселесін көтерді. Мемлекет басшысы жергілікті халықпен кездесті. Тақырыпты тілшіміз сабақтайды.

Мемлекет басшысының жұмыс сапары бүгін Жетісу өңірінде жалғасты. Президент жұртшылықпен жүздесіп аймақтағы күрмеуі қиын мәселелерді ортаға салды. Бос жатқан жайылымдық жерлердің қайтару, ауыл шаруашылығын дамыту жайына тоқталды. Тұралап қалған Ақсу қант зауытын қайта іске қосуды тапсырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қант қызылшасын өсіретін алқаптар азайып кетті. Соның кесірінен импортқа тәуелділік арта түсті. Зауытты іске қосуға 2017 жылдан бастап жергілікті бюджеттен 12 миллиард теңге жұмсалды. Биыл жазда қант бірден қымбаттап, оның тапшылығы туындады. Оның бәрі құзырлы органдардың салғырттығы мен бейқамдығының кесірінен болды

Экономист Сапарбай Жобаев зауытты іске қосу үшін инвесторларды тартуда қиындық болмайды деп сенеді. Өйткені қант тапшылығы, оның бағасының өсуіне әсер етті. Демек пайда тапқысы келетін кәсіпкерлер үшін бұл үлкен мүмкін деп біледі.

Сапарбай ЖОБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Оның бағасы төмен еді да 280, біздегі өндірушілердің өзіндік құнынан аз болды.Сөйтіп олар пайда табалмағаннан кейін қант өндіруге заводтардың істеуінше ынтамыз болмаған еді. Ал енді бүгінгі күнде оның бағасы екі есе асып тұр. Сонда енді өзіндік құны қызылшадан өндіретін тиімді болуы мүмкін.

Президент бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған жоғары сапалы кремний өндіретін зауытының жаңғыртылғанын тілге тиек етті. Бұл ел экономикасы үшін маңызды екенін айтты. Жалпы жыл басынан бері облыста 23 өнеркәсіп ашылған.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бірнеше жылдан бері тоқтап тұрған жоғары сапалы кремний өндіретін Kazsilicon зауытының жаңғыртылып, іске қосылуын және темірді тікелей тотықсыздандыратын «Электромарганец» зауытының құрылысын ерекше атап өткім келеді. Екеуі де еліміз үшін – маңызды кәсіпорын. Олар металлургия саласындағы озық технологияларды әзірлеу және тарату алаңына айналуы керек.

Президент Жетісу облысындағы өзекті мәселелердің бірі ауыз суға да тоқталды. Өңір тұрғындарының 90 пайызы орталықтандырылған сумен қамтылған. Алайда құбырлар әбден тозған дейді,-президент. Мәселені жергілікті билік өкілдеріне шешуге тапсырма берді. Сондай-ақ, көгілдір отын облыс тұрғындарының 10 пайызына ғана қолжетімді екен.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

2025 жылға қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласының маңына дейін, барлық елді мекенді газбен толық қамтамасыз етуді тапсырамын. Сонымен қатар, «Талдықорған – Үшарал» бағытында газ құбырын тарту керек. Бұл 180 мың адам тұратын Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына газ жеткізуге мүмкіндік береді. Үкіметке осы жобаны кезең-кезеңімен қаржыландыруды тапсырамын.

Бұқарамен кездесуден соң мемлекет басшысы әлеуметтің осал тобын жұмыспен қамтып отырған тігін фабрикасына ат басын бұрды. Фабрикада 26 көп балалы ана, 36 жалғызбасты ана, 11 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыс істейді.

Б. Сатуов