Русский Сайттың толық нұсқасы

Оралда жеке балабақшалар жабылып қалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 26 қазан 2022
  • 1985

Оралда жеке балабақшалар жабылып қалуы мүмкін. Өйткені мектепке дейінгі ұйымдар мемлекеттен берілетін субсидияны ала алмай жүр. Егер олар жабылса, жүздеген адам жұмыссыз қалады, мыңға жуық бүлдіршін үйде отырады. Ал бұған білім басқармасындағылар не дейді? Бизнес пен биліктегілердің тартысын Еркін Карин жеткізеді.

Биыл Орал қаласында мектепке дейінгі 14 ұйым жаңадан ашылған. Олардың ішінде мүгедек балаларды тәрбиелейтін инклюзивті балабақша бар. Өңірдегі бұл жалғыз арнайы балабақша да шөміштен қағылып, әлі ақшасыз отыр.

Гүлнұр ТӨЛЕГЕН, БАЛАБАҚША ДИРЕКТОРЫ:

Былтыр осы биылға бюджетке артығымен он балабақша ашылады деген прогноз болды. Бірақ қазіргі таңда 12 балабақша ашылып отыр. Біреуіміз де госдотация конкурсына түсіп жатқан жоқпыз. Сонда ана артығымен бөлінген он балабақшаның ақшасы қайда кетті? Ай сайын республикалық бюджеттен біздің облысқа 500 балаға қаражат бөлінеді. Оны да кім алып отыр?

Бүгінде облыстық білім басқармасы 14 балабақшаға 252 миллион теңге берешек. Бұл қаржының қашан төленері әзірге белгісіз. Ал кәсіпкерлер шаш-етектен шығынға баттық дейді.

Айдана БЕРГЕНӘЛИЕВА, БАЛАБАҚША ДИРЕКТОРЫ:

Кейбір әріптестеріміз балабақшаның арендасын, жалақысын жабу үшін, балабақшаны сақтап қалу үшін көлігін, пәтерін сатуға мәжбүр болып отыр. Бұлай жалғаса беретін болса, мемлекеттен қолдау болмаса, біз жабылудың аз-ақ алдындамыз.

Жеке балабақшаларда жүздеген адам жұмыс істейді. Егер бақша жабылса, олар жұмыссыз қалып, сәбилердің де үйінде отыратыны анық. Бірақ облыстық білім басқармасы биыл бұл мекемелерге көк тиын төлемейміз дейді.

Клара МЕҢДІҒАЛИЕВА, БҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Облыстық сессияның шешімімен жаңадан осы жылы ашылған жеке балабақшалардың осы жылға бюджеті қарастырылмаған. Келесі жылда қарастырамыз деген ойдамыз. Себебі жыл сайын жеке балабақшалардың саны көбейіп жатыр. Әр жеке балабақшаны ашқан кезде кәсіпкер өзінің тәуекелдерін ойлап, қарастыруы қажет деп ойлаймын.

Облыста мектепке дейінгі 521 ұйым бар. Соның 109-ы - жекенің меншігінде. Мұнда 30 мыңдай бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр.

Е. Карин