Русский Сайттың толық нұсқасы

Сырбойылықтар да Республика күні «Бір тудың астында» жалпыұлттық акциясына үн қосты

  • AstanaTV
  • 26 қазан 2022
  • 1449

Қызылордалықтар «Бір тудың астында» атты жалпыұлттық акциясыа үн қосты. «Рәміздер алаңы» аумағында өткен шараға 2000-нан аса тұрғын келді. Зиялы қауым өкілдері және аймақтық құқық қорғау органдарының басшылары, мемлекеттік қызметшілер, БАҚ өкілдері, үкіметтік емес ұйым өкілдері белсенді жастар көпшілікті отаншылдық сезімге бөледі. Сонымен қатар, 40-қа жуық көліктерден тізілген автошеру қала көшелерін аралап шықты. «Бұл шара жастарымызға рух беріп, патриоттық сезімдерін оятады» дейді ұйымдастырушылар.

Алғаш рет тойланып отырған Республика күні Қызылордада сән-салтанатымен өтті. Мереке аясында ұйымдастырылған мыңға жуық шара Рәміздер алаңында өткен салтанатты жиынмен қорытындыланды. Шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты.

Нұрлыбек НӘЛІБАЕВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Республика күні әлем елдері үшін айрықша мереке болып саналады. Көбісінде ұлттық мереке ретінде бекітілген. Елордамыз Астанада Президентіміздің қатысуымен мемлекеттік туымыз көтеріліп, гимн орындалуда. Осындай жалпыұлттық патриоттық акция еліміздің барлық өңірлерінде аталып өтілуде. Оған біздің Сыр бойылықтарда өз үлесін қосуда.

Ұлтты ұйыстарған ұлттық мереке аясында бастау алған жалпы ұлттық акцияның маңызы зор дейді жиналғандар.

Бақберген ДОСМАНБЕТОВ, МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ:

Қазақстандықтарды ұйымшылдықпенен, бір біріне деген бауырмашылдығымен, жақсы көңілменен республикамыздың дамуына қызмет ететін, мақтанатын, әрі қарай дамытатын халықтың барлығының бірлігін ұйымдастыру мақсатында қойылған акция деп ойлаймын.

Шара барысында мемлекеттік органдарға жаңадан жұмысқа қабылданған жас мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант берді.

Ержан ЖАҚЫПОВ, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ:

Мемлекет пен қоғам алдындағы өзімнің салтанатты түрде антымды қабылдадым. Қазақ өзі уәдеге, антқа берік халық қой. Алдағы уақытта антымызға адал болып, антымызды, уәдемізді берік ұстап, еліміздің өсіп өркендеуіне жұмсаймын деп баршаны сендіргім келеді.

Ал 40-қа жуық автокөліктермен көк туды желбіреткен жастар қала көшелерін жүріп өтті. Шеру орталық алаңда қорытындыланды.

М. Тоқтасынқызы