Русский Сайттың толық нұсқасы

Сафар Шәкеевті туыстары ақтық сапарға аттандырды

  • AstanaTV
  • 29 шілде 2016
  • 2546

Танымал композитор Еркеш Шәкеев ұлының өлу себебін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды. Бұл туралы Ішкі істер департаментінің ресми өкілі мәлімдеді.

Ал бүгін Сафар Шәкеевті ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті. Марқұмды туыстары Батырхан Шүкеевтің қасына жерледі. «Қазақконцерт» ғимаратындағы өткен қоштасу рәсіміне оның табылуына тілекші болып, ерікті ретінде оны іздеген қарапайым қала тұрғындары да жиналды. Шәкеевтер отбасының достары да келіп, көңіл айтты.

Марғұлан Сейсенбаев, Шәкеевтер отбасының досы:

Өкінішке орай, Сафар баламыздың осындай қайғылы жиынында жиналып отымыз. Ол 25-ке де келмей, соңғы сапарына атанды. Сафарды 4 жастан білуші едім. Ол адал мінезді, елгезек бала еді. Әттең, қолымыздан келері жоқ. Айырылып қалдық. Қош, Сафар, қош бол!

Сафар Шәкеев 1991 жылы Көкшетауда қазақстандық белгілі композитор Еркеш Шәкеев пен экономист Жібек Шәкееваның отбасында дүниеге келген. Сафар АҚШ-та қоюшы-режиссер мамандығы бойынша білім алған. Жастайынан спорттың каратэ-до түрімен айналысып, бірнеше халықаралық сайыстарда жеңіске жеткен. Елге оралған ол қысқаметражды роликтер түсіріп, жарнама роликтерін және әкесінің "Люби меня" композициясына бейнебаян түсірумен айналысқан.

Айта кетейік, Сафар 16 шілдеде із-түссіз жоғалып кетті. Құтқарушылар оның мәйітін кеше Алматыдағы «Есентай» өзенінің арнасынан алып шықты. Оның қалтасынан құжаттары мен жеке заттары табылған.