Русский Сайттың толық нұсқасы

«Темір жол өткеліндегі шлагбаумды алып тастаған он шақты күнде алты адам өлді»,- Қарасу ауылының тұрғыны

  • AstanaTV
  • 01 қараша 2022
  • 3248

Жамбыл облысында жолаушылар пойызы мен жеңіл көлік соқтығысып, 6 адам қаза тапты. Оның үшеуі – бала. Қазір қайғылы оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Ал ауыл тұрғындары бұл жағдайға теміржолшыларды кінәлайды. Себебі темір жол өткеліндегі қозғалысты реттейтін адам жоқ, шлагбаум мен дүңгіршекті де алып тастаған.

Қайғылы оқиға Меркі ауданы Қарасу ауылы маңында болған. Ауди маркалы жеңіл көлік теміржол өткелінен өте бергенде қатты жылдамдықпен келген пойыз бүйірден соққан. Он метр жерге дейін сүйретілген көліктің сау тамтығы қалмады. Көлік ішіндегі 6 жолаушы тіл тартпай кеткен.

Гүлсара МҰХТАРҚҰЛОВА, ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:

Осы дерекке қатысты ҚР ҚК 345-ші бабы 4-ші бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Оқиға орнында кезекші жедел тобы жұмыс жасауда. Қазіргі таңда оқиғаның мән жайы анықталуда.

Марқұм болған 6 адамның бесеуі Мойынқұм ауданынан, біреуі – Тараз қаласының тұрғыны. Жеңіл көліктің қайда бағыт алғаны туралы әзір ақпарат жоқ. Ал ауыл тұрғындары бұл жағдайға теміржол басшылығын айыптап отыр. Өйткені олар өткелде шлагбаумды ашып-жауып отыратын кезекші мамандарды қысқартып, дүңгіршекті мүлде алып тастады дейді.

Еңсебек ӘБІЛҒАЗИЕВ, ҚАРАСУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Осы переезді жауып тастау кесірінен болды. Баяғыда да апат көп болатын. Сосын шлагбаум қойған. Оны алып тастағалы он шақты күн болды. Он шақты күнде алты адам өліп отыр. Тұман, көрінбейді. Ішінде жас балалар бар. Бұл жердеге шлагбаумды жабатын жөндері жоқ еді.

Темір жол саласында көп жыл еңбек еткен Мақсұт Ұлықпанов та Қазақстан Темір Жолы басшылығының бұл шешімі қате болды дейді.

Мақсұт ҰЛЫҚПАНОВ, ҚАРАСУ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен переезды жаппасаңдаршы дедім. Бұл ойыншық емес қой деп айттым. Ал не болды енді. Айға қарап отыр ма КТЖ-ның бастықтары, қайда қарап отыр. Кім кінәлі енді бұған? Шлагбаум болса бұндай болмайтын еді ғой?! Неменені үнемдеп отыр?

Ал жауаптылардың айтар жауабы мынадай.

Алмас ҰЙҚАСБАЕВ, "ҚТЖ" ҰК" АҚ ЖОЛДАР ЖӘНЕ ҚҰРЫЛЫСТАР ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ЖОБАЛАУ ЖӨНІНДЕГІ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ БАҒЫТЫНЫҢ БАС МЕНЕДЖЕРІ:

Құрағаты-Тәтті учаскесінің 3674 км өткелі автокөлік қозғалыс қарқындылығы төмен болғандықтан 4-санатқа жатады және оған кезекші қызмет көрсетуге міндетті емес. Санаты өзгермейінше, кезекшіні бұл өткелге қайтару жоспарланбайды.

Жұрттың айтуынша, бұл темір жол өткелінен түрлі техника да, жеңіл көліктер де жиі өтеді. Сондықтан қайғылы жағдай қайталанбас үшін мәселені қалай да шешуді сұрайды.

Б. Жұмабай