Русский Сайттың толық нұсқасы

"Итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылуына адам факторы әсер етіп отыр",-Президент

  • AstanaTV
  • 07 қараша 2022
  • 1267

Каспийде итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылуы жиілеп кетті.Оған кешенді ғылыми зерттеу жүргізу қажет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Маңғыстау жұртшылығымен кездесуде айтты. Сондай-ақ, Президент өңірдің инфрақұрылымына және әлеуметтік саладағы мәселелерге тоқталды.

Мемлекет басшысы жұртшылықпен кездесуде өңірдің ерекшеліктеріне тоқталып, өлкені жан-жақты өркендетуге толық мүмкіндік бар екенін атап өтті. Өңірдің инфрақұрылымдық жағынан да, логистикалық жағынан да әлеуеті зор екеніне тоқталды. Алайда аймақта әлі күнге дейін әлеуметтік сала бойынша ақсап тұрған мәселелер бар.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Маңғыстау облысында балабақша мәселесі толық шешімін таппаған. Мұнда 10 мыңға жуық балаға орын жетіспейді. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін толық пайдалану керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев өңірде өңдеу өнеркәсібін өркендету маңызды деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл аймақ Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтуға орасан зор үлес қосты. Мұнда еліміздегі мұнайдың төрттен бірі өндіріледі. Мұнай-газ саласымен қатар облыста экономиканың өңдеу өнеркәсібін дамытуға мол мүмкіндік бар.

Мемлекет басшысының айтуынша, Маңғыстаудың экологиясында күрделі түйткілдер бар. Соның бірі -Каспий теңізіндегі итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылуы. Бұл алаңдатарлық жағдай деді,-президент.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бүгінде итбалықтар мен балықтардың жаппай қырылуы жиілеп кетті. Бұған адам факторы және экологиялық ахуалдың өзгеруі әсер етіп жатыр.Итбалық Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Бұл жануардың жойылып кетпеуін және оның санын бұрынғы қалпына жеткізуді мен тікелей бақылауда ұстап отырмын.

Кездесуде Мемлекет басшысы саяси жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып, орнықтыру қажет екеніне тоқталды. Кез келген мәселеде келіссөз, диалог арқылы мәмілеге келуге болатынын айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау жұртына шынайы ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде сіздер ел тағдырына жауапкершіліктің озық үлгісін көрсеттіңіздер. Сол күндерде мұнда адам өлімі болған жоқ. Мемлекеттік және қоғамдық орындар шабуылға ұшыраған жоқ. Елге жанашырлық деген – міне, осы! Шын мәнінде, адам өмірінен қымбат ештеңе жоқ. Қандай күрделі мәселенің өзін айғай-шу, дау-дамайсыз сабырмен шешуге болады. Біз ішкі және сыртқы саясатта осы ұстанымды сақтаймыз.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстауда еңбегімен көпшілікке үлгі болып, елімізді өркендетуге зор үлес қосып жүрген бірқатар азаматты мемлекеттік наградалармен марапаттады.

Б. Сатуов