Бұрынғы вице-министр Тимур Тоқтабаев лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталды. Қазір Бас прокуратура Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады. Олар пайдалы қазба кен орындарын берудің заңдылығын бұзған деген күдікке ілінді. Барлау сылтауымен аукцион өткізбестен, пайдалы қазбалар қоры белгіленген кен орындарын заңсыз бергені анықталды.
ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІ:
Министрліктің лауазымды адамдары жекелеген кәсіпкерлік субъектілерінің мүддесінде әрекет ете отырып, барлау сылтауымен аукцион өткізбестен пайдалы қатты қазбалар қоры белгіленген кен орындарын заңсыз бергені анықталды. Бұрын жүргізілген барлау фактісі құжаттарды бұрмалау арқылы әдейі жасырылған. Нәтижесінде лауазымды тұлғалармен үлестес кәсіпкерлер қол қою бонусының ең төменгі құны үшін нарыққа қатысушылардың бәсекелестік, қолжетімділік және тең құқықтылық қағидаттарын бұза отырып, өндіруге дайын кен орындарын алған.
Ұсталған экс-шенеунік Тимур Тоқтабаев Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде 2019 жылдан бері жұмыс істемейді.
Данияр ҚАЛИМОЛДАЕВ, ҚР ИИДМ КАДР ҚЫЗМЕТІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:
Т.Тоқтабаев 2016-2019 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрлігінде министрдің орынбасары лауазымында жұмыс істеген. 2019 жылдың 17 желтоқсанында, яғни 3 жыл бұрын Т.Тоқтабаев вице-министр қызметінен өз еркімен кеткен.
А. Задабек