Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменоваға үкім шықты

  • AstanaTV
  • 15 қараша 2022
  • 1963

Атырауда облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот үкімі шықты. Сот 42 жастағы экс-шендіні 7 жылға бас бостандығынан айыру туралы шешім қабылдады. Алайда кәмелетке толмаған екі баласы барын ескеріп, жазасын өтеу мерзімін үш жылға кейін шегерді. Толығырақ сот процесіне қатысқан тілшіміз Базаргүл Нәдірқызы айтады.

Абай ескерткішін орнату үшін пара алды деп күдікке ілінген Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл Хаменова 11 ай тергеу абақтысында жатты. Ал мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев пен «Балқыту» компаниясының басшысы Өміртай Адамов үй қамақта болған.

Сот отырыстарының бәріне бастан-аяқ қатысқан Хаменованың туыстары мен қолдаушылары бүгін де келді.

Жұмағали ТӘШІМОВ, АТЫРАУ ҚАЛАЛЫҚ №2 СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

Бақытгүл Хаменова Қылмыстық Кодекстің 366-бабы 3-бөлімі 2-тармағындағы қылмыстық құқық бұзушылық бойынша кінәлі деп танылып, 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылсын.

Экс-шендінің кәмелетке толмаған қос баласын ескерген сот жазасын 3 жылдан кейін өтеуге, сот залынан босатуға үкім етті. Ал мәдениет басқармасының басшысы Рысқалиевқа 7 жыл, ал кәсіпкер Адамовқа 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындап, бірден қамауға алды. 11 айдан соң бостандыққа шыққан Бақытгүл Хаменованы туыстары ортаға алып, құшақтарына қысты.

Бақытгүл ХАМЕНОВА, АТЫРАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ЭКС-ОРЫНБАСАРЫ:

Аққа құдай жақ. Бәрібір де шындық шығады. Соңына дейін күресіп, әлі аппеляциялық сот бар, жоғары сот бар, халықаралық сот бар. Бұл шындық жер бетіне шығады, білем.

Сот сондай-ақ Хаменованы «Құрмет» орденінен айыру туралы ұсыныс енгізді.

Бақытгүл Хаменова сот процесін дерек пен дәйекке сүйеніп, ашық түрде жариялаған журналистерге рахмет айтты. Естеріңізге салайық, облыс әкімінің бұрынғы орынбасары былтыр желтоқсанда ұсталған еді. Сот үш жарым айға созылды.

Б. Нәдірқызы