Русский Сайттың толық нұсқасы

«Аула сыпырушы болдым». Эмоционалды күйзеліске не себеп?

  • AstanaTV
  • 15 қараша 2022
  • 2586

Қазір әлемде эмоционалды күйзеліс синдромы кең тарауда. Оған шалдыққандардың бірен-сараны ғана дәрігер көмегіне жүгінетін көрінеді. Ал қаншама адам онымен жалғыз күресіп жүр... Әсіресе, жастар арасында "сәнді терминге" айналған бұл дертке не себеп? Одан қалай айығуға болады? Тілшіміз Мөлдір Жақан мамандармен тілдесті.

Демалыссыз жұмыс істеу, шамадан ты с жауапкершілікті мойынға алу – эмоционалды күйзеліске әкеп соғады. Соңғы уақыттары бұл синдромның кеңінен жайылуы психологтарды алаңдатып отыр.

Эмоционалды күйзеліс синдромына өмірден өз орнын таппай немесе қалаған ісімен айналыспайтын адамдар шалдығады. Өзіне көңілі толмай, үнемі өмірін басқа біреудікімен салыстырып отыратындар соңында үрейге беріліп, торыға бастайды. Мұндай жағдай қала тұрғыны Ерболат Төкеевтің де басынан өткен.

Ерболат ТӨКЕЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Оқуды бітірдім, сосын жұмыс таппадым. Аула сыпырушы болдым, высшее образование болса да. Кішкене қиналдым. Эмоциональное выгорание болды. Айлығы аз, ал бастықтары ұрса берсе, адам эмоционалды күйзеліске ұшырайды. Бірақ кез-келген күйзелістен шығуға болады.

Психолог мамандар эмоционалды күйзеліске қоғаммен жиі қарым-қатынасқа түсетін мамандық иелері бейім болатынын айтады. Мәселен, дәрігерлердің 80 пайызы эмоционалды күйзеліске ұшырайтын көрінеді. Синдромның алғашқы белгілері – адамның ештеңеге зауқы болмауы, тәттіні шамадан тыс көп жей бастауы және зейінсіздігінің артуы.

Амангелді ТАСТАНОВ, ПСИХОЛОГ:

Эмоционалды выгораниеге көбіне медицина қызметкерлері, психолог мамандар, мектепте жұмыс істейтін адамдар ұшырайды. Себебі, көп адамды қабылдаған кезде шаршайды. Біреуі, мысалы, өзіне артық жауапкершілікті артып алған.

Дәрігерлер эмоционалды күйзелістің алдын алу керек дейді. Ол үшін ең бастысы, еңбек және демалыс режимін түзетіп, уақытында ұйықтап, дұрыс тамақтану керек екенін айтады. Сондай-ақ адамның көңілін көтеретін хобби болғаны дұрыс.

Айгүл ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, НЕВРОЛОГ:

Эмоционалды күйзеліс көп ұзамай адамның тозуына, оның моральды және физикалық денсаулығының тозуына әкеледі. Ұйқысы нашарлап, басы жиі ауыратын болады. Сүйектері сырқырап, ас қорыту процесі бұзылады. Адам мазасыз бола бастайды. Бұл, әсіресе, коронавирустан соң өршіп кетті.

Мамандар эмоционалды күйзелістің белгілеріне бей-жай қарамай, уақытында дәрігерлерге жүгіну керектігіне баса назар аударады. Әйтпегенде, салдары ауыр болатынын ескертеді.

М. Жақан