Русский Сайттың толық нұсқасы

«Махаббат жайлы дастан». Бұл қандай кітап?

  • AstanaTV
  • 15 қараша 2022
  • 3028

Қазір жарнамасы жер жарған кітап көп. Бірақ, оның да естісі бар, есері бар. Әлеуметтік желіде біржыныстылар туралы шығарма қызу талқылануда. Жұрттың айтуынша, оны жасөпірімдер көп алатын көрінеді. Көпшілік осыған алаңдаулы. Ал кітап дүкенде қалай ашық сатылып жатыр? Тілшіміз Әсел Дүкембаева оған жауап іздеді.

Біз елордадағы кітап сататын дүкендердің біріне бардық. Менің қолымда- "Махаббат жайлы дастан" атты кітап. Бірақ бұл сіз бен бізді қызықтыратын ер мен әйелдің махаббаты туралы емес. Басқаша...онда бір жыныстылардың сезімі баяндалған. Сатушылардың айтуынша, есті тандыратын махаббат хикаясы ыстық бауырсақ сияқты тез сатылып кететін көрінеді. Оны алатындардың дені жасөспірімдер дейді.

Бұл әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Қоғам белсенділері бұған тыйым болуы керек деп дабыл қағуда. Ал халық пікірі әр алуан.

Мәжіліс депутаты Мейрамбек Төлепбергеннің сөзінше, бұл дәстүрімізге жат. Мұндай кітапты сатып отырған дүкен иелерінің жауапсыздығы дейді.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Біздің дәстүрімізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жат дүние. Бір жыныстылардың бір-бірімен жақын болуы деген кітаптарды насихаттау деген бұл өте дұрыс емес. Бұл біздің дәстүрімізге де келмейді, біздің заңымызға да қайшы. Сондықтан, сатылымға шығарып отырған сатушылар олардың ар-ұяты алдындағы жауапкершілігіне беру керек.

Бір жыныстылықты насихаттайтын шығармаларды сатуға елімізде тыйым салынбаған. Заңгер Жанар Ержанованың айтуынша, бұған қатысты заң жоқ.

Жанар ЕРЖАНОВА, ЗАҢГЕР:

Бұл мәселе қазіргі таңда өте өзекті болып тұр. Біздің ел біржыныстылыққа қарсы. Бірақ, кітап дүкендерінде ондай туындыларды сатуға болмайды деген заң жоқ.

Мәдениет және спорт министрлігіне де хабарластық. Егер шағым түссе ғана, дүкенге әкімдік немесе құзырлы орган тексеріс жүргізе алады дейді. Ал, балалардың құқықтарын қорғау комитеті ешқандай құқықбұзушылық жоқ екенін айтады. Себебі, кітап мұқабасында кәмелет жасқа толғандар ғана оқи алады деген таңба қойылған.

Ә. Дүкембаева