Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордада «Жұмыс беруші күні» аталып өтілді

  • AstanaTV
  • 15 қараша 2022
  • 1873

Елімізде жұмысшы мамандықтарға сұраныс жоғары. Сондықтан кәсіптік білім беру жүйесіне ерекше мән берілуде. Қызылордада қазір 20 мыңнан астам студент кәсіптік білім алып жатыр. Аймақта оларды жұмыспен қамту мақсатында түрлі кәсіпорындармен келісімшарттар, меморандумдар жасалған. Бұл байланысты одан әрі нығайту мақсатында облыстағы барлық білім беру ұйымдарында «Жұмыс беруші күні» аталып өтілді.

Мағжан Омарұлы 2014 жылы Исатай Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық жоғарғы колледжін бітірген. Кезінде жолдамамен жұмысқа орналасқан ол бүгінде өзі де жас мамандарды еңбекпен қамтып отыр.

Мағжан ОМАРҰЛЫ, ЖЕКЕ КӘСІПКЕР:

2018 жылдан беру өзім жеке кәсібіммен айналысып келемін. Осы колледжбен тығыз байланыстамын. Мемлекеттік практикаға жылда 4,5 группадан қабылдаймын.

90 жылдық тарихы бар оқу орнын былтыр 250-ден аса түлек бітіріп шыққан. Оның 70 пайызға жуығы жұмыспен қамтылған. Бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу көзделген.

Мағрипа ӘЙТЕНОВА, ИСАТАЙ ӘБДІКӘРІМОВ АТЫНДАҒЫ ЖОҒАРЫ КОЛЛЕДЖ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

127 әлеуметтік серіктестікпен біз келісімшартқа отырғанбыз. 27 мамандықтың 5 мамандығы бойынша біз дуалды оқыту жүйесіндеміз. Дуалды оқыту жүйесі дегеніміз бұл 80 пайызға дейін практикалық жұмыстар жасайды да, 20 пайызы ғана теорияға беріледі. Және сол 80 пайыздың барлығы өндірістік базаларда жұмыс жасайды.

Жалпы аймақта еңбек ресурстары балансы мен индустриалды-инновациялық жобаларға қажетті жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары. Бүгінде 30 кәсіптік және техникалық білім беру ұйымы бар.

Пірмұхаммед СЫЗДЫҚОВ, ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы құрылғаннан бастап, жұмыс беруші мен орта буынды кадр дайындайтын колледждер арасында әлістемелік көмек беріп, жұмыстар жасалып келе жатыр. Облыстың өзінде 104 мыңнан аса мамандар орта және шағын кәсіпкерлікте жұмыс істеп жатыр.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов бірқатар жұмыс берушіні құттықтап, министрліктің алғыс хатын табыстады.

М. Тоқтасынқызы