20 қарашада өтетін кезектен тыс Президент сайлауы кезінде еліміздегі 86 учаскеде дауыс беру 1 сағат бұрын басталады. Бұл туралы бүгін Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров айтты.
Нұрлан ӘБДІРОВ, ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Комиссиялары дауыс беруді бастаудың өзге уақытын белгілеу жөнінде шешім қабылдады. Облыстардың, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының аумақтық комиссияларынан ұсынылған жедел мәліметтер бойынша тиісті аумақтық комиссиялардың шешімдерімен 86 сайлау учаскесінде дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы сағат 06.00-де басталады.
Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, сайлау күні елімізде 10 101 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сонымен қатар 53 елде Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктерінде шетелде жүрген Қазақстан азаматтарының дауыс беруі үшін 68 сайлау учаскесі құрылған.
Ә. Дүкембаева