Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұлытау облысында 140 мың сайлаушы тіркелген

  • AstanaTV
  • 20 қараша 2022
  • 1573

Бүгінгі саяси науқан барысын Астана телеарнасы екі сағат сайын тікелей эфирде көрсетеді. Біздің тілшілеріміз дайын тұр, хабар таратуға әзір. Ұлытаудан Айжан Қуаш эфирге қазір қосылады.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Рақмет, әріптестер! Біз дәл қазір Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласындамыз. Өздеріңізге белгілі, бұл аймақ жуықта ғана облыс мәртебесін алды. Өңірде140 мың адам сайлаушы ретінде тіркелген. Бүгін136 сайлау учаскесі таңғы 7- де ашылып жұмысын бастады.

Сайлау учаскелерінде халықтың белсенділігі өте жоғары екені байқалады. Әйтеновтер әулетінен 20 шақты адам жиналып дауыс беруге келді. 9 бала, 36 немере, 70 шөбере, 3 шөпшегі бар үлкен отбасы – Ұлытаудағы ең үлкен металлургтер династиясы. Олардың жалпы еңбек өтілі – 442 жыл. Еліміздің тау-кен саласына зор үлес қосқан әулет мүшелері өздерінің азаматтық борышына ерекше жауапкершілікпен қарайды.

Мұханбет ӘЙТЕНОВ, ЖЕЗҚАЗҒАН ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бұл енді қазақ халқы үшін маңызды күн ғой. Мен енді бала шағамнан осыған қатысып қалмауын сұрадым. Біз енді сайлауға қатыспасақ, ойымызды білдірмесек ол қалай болады? Қатысу керек, әркім өзінің пиғылын білдіру керек деп ойлаймын.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Әр учаскеде сайлау науқанының ашықтығын тәуелсіз байқаушылар қадағалауда. Олардың арасында түрлі партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдері де бар.

Индира МЫРЗАТОВА, ТӘУЕЛСІЗ БАҚЫЛАУШЫ:

Халықтың белсенділігі өте жоғары, мысалы сайлау учаскесі сағат 7- де жұмысын бастаса, халық 6 жарымда келіп дауыс беруге дайын болып күтіп тұрды. Қазіргі уақытқа дейін сайлау әділ, белсенді өтіп жатыр деп толығымен айта аламын.

Айжан ҚУАШ, ТІЛШІ:

Ұлытау облысында дауыс берушілердің басым көпшілігі – жезқазғандықтар. Жезқазғанда 33 сайлау учаскесі құрылып, оларда 60 мыңдай адам дауыс береді деп күтілуде. Қалған 80 мың сайлаушы Сәтпаев, Қаражал қалалары мен басқа елдімекендердің тұрғындары.

А. Қуаш