Русский Сайттың толық нұсқасы

Еліміздің әр өңірінде дауыс берушілерге арнап концерттік бағдарламалар мен түрлі ойындар ұйымдастырылған

  • AstanaTV
  • 21 қараша 2022
  • 1824

Сайлау өңірлерде де өзіндік сән-салтанатпен өтті. Дауыс беруге келгендер үшін концерттік бағдарламалар мен түрлі ойындар ұйымдастырылған. Тұрғындар ел тарихындағы маңызды науқанда таңдау жасап қана қоймай, көңіл көтеріп, мәз-мейрам болды.

БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Батыс Қазақстан облысында қар жауып, қатынас қиындаса да амалын тапқан тұрғындар көршісінің автобусына мініп, сайлау учаскесіне бәрі бірге барды.

Амантай ҒАБДИЕВ, ӨСКЕН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біз мына Өскен ауылынан келіп тұрмыз. Ауылдың жағдайы онша мәз емес. Жолдарымыз жасалған жоқ, бір жақсы үміткер сайланса деп ойлаймыз. Жағдайымызды түзеп беретін Президент сайланса деймін.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ

Ал Қызылорда облысы Қазалы қаласының тұрғындары апалы-сіңілі үшемдер медбике болып жұмыс жасайды. Бір-бірлерінен ешқашан ажырамаған олар өз таңдауларын жасауға да бірге келген.

Дариға ШӘКІРОВА, ҚАЗАЛЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

ҚР Президент сайлауына үшеуміз келіп тұрмыз. Сіңілім Әлия, Динара және мен Дариға. Бұл біздің екінші дауыс беруіміз. Сіздерді де дауыс беруге шақырамын.

АТЫРАУ

Ал Астана мен Атырауда жүкті және жас аналар да өз таңдауларын жасады. 22 жастағы Жанат Нұриденова бүгін түнде ғана сәбиін дүниеге алып келген. 3 келі 300 грамм болып өмірге келген ұлына Нұрмұхамед деп есім беріпті.

Жанат НҰРИДЕНОВА, АТЫРАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Түнгі сағат 02:35-те босандым. Аллаға шүкір, баланың да, менің де жағдайым өте жақсы. Сайлау күні босанғаныма қуаныштымын. Мен өздауысымды баламның болашағы үшін бердім. Баламның салмағы – 3 келі 300гр. Баламның атын Нұрмұхамед деп қойдым.

Сондай-ақ, Атырауда сайлау учаскесіне келушілер қолөнер көрмесін тамашалады. Сайлау учаскесіне Мектеп оқушыларының үздік деген 20 туындысы және жергілікті қолөнершілер Нұрсұлтан Қалиевтің ағаш-тері бұйымдары мен Айнұр Меңдібайдың қыз жасауы қойылған. Келушілер дауыс беріп болған соң ұлттық бұйымдар туралы тың ақпараттармен танысты.

Рита МҰҚАНОВА, №251 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ КОМИССИЯ МҮШЕСІ:

Тері бұйымдары, ағаш бұйымдары, құрақ көрпелер. Оның барлығын ұйымдастырып жатқанымыз – халық сайлауға келгенде бір көңілді әсер алсын деп. Және оның барлығын осы халыққа, алдағы болашақ ұрпаққа насихатау мақсатында ұйымдастырып жатырмыз.

Бұл жолғы сайлау тұрғындар үшін ерекше сәттермен есте қалмақ. Әр қалада қазан асылып, келушілер ыстық бауырсақтан дәм татуда. Сондай-ақ, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, асық атып, қол күрестірді. Тіпті караокемен ән айтуға да мүмкіндік жасалды. Сайлаушылар патриоттық өлеңдерді шырқап, мерекеге келгендей ерекше әсер алды.

А. Задабек