Русский Сайттың толық нұсқасы

"Сайлаушылардың жоғары белсенділігі қуантады", - халықаралық байқаушылар

  • AstanaTV
  • 22 қараша 2022
  • 1224

Барлық ережелер сақталды. Сайлаушылардың белсенділігі жоғары болды. Бұл-халықаралық байқаушылардың пікірі. Олар қазақстандықтардың көтеріңкі көңіл-күйі мен елдің игі болашағына деген шынайы қызығушылықтарын атап өтті.

Шанхай Ынтымақтастық ұйымының миссиясы Астанада және Ақмола облысындағы учаскелерде болып, дауыс беру барысын бақылады. Барлығы 22 сайлау учаскесінде болған. Миссия басшысының айтуынша, азаматтардың белсенділігі, әсіресе, жастардың көптігі – қуантарлық жәйт.

Чжан МИН, ШЫҰ МИССИЯСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Дайындық жұмыстары мен сайлауды өткізу жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтқым келеді. Сайлау комиссияларының төрағаларымен, комиссия мүшелерімен, байқаушылармен және сайлаушылармен әңгімелесу барысында олардың ашық әрі позитивті екені байқалды. Барлығы бізбен еркін сөйлесіп, сайлаушылардың белсенділігі ерекше қуантты.

Сайлаушылардың жоғары белсенділігін Хорватиядан келген байқаушы да атап өтті. Бұл қазақстандықтардың жоғары азаматтық белсенділігін көрсетеді,- деді.

Даворко ВИДОВИЧ, ХОРВАТИЯ ПАРЛАМЕНТІНІҢ ВИЦЕ-СПИКЕРІ:

Бұл сайлаудың Қазақстан үшін маңызы зор. Сайлаушылардың жоғары белсенділігін көрдік. Бұл олардың сайлау процесіне қаншалықты қолдау білдіретінін көрсетеді. Бұл, шынымен де, жаңа, демократиялық әлем, шешуші қадам. Ешқандай заң бұзушылықтың жоқтығына көз жеткіздік. Бірінші рет дауыс бергендер қуанышты. Көбі отбасыларымен келіп, балалары бюллетеньді салып жатты.

Палестинаның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі де қазақстандықтардың жоғары саяси мәдениетіне тәнті болған.

Монтасыр АБУЗЕИД, ПАЛЕСТИНАНЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТӨТЕНШЕ ЖӘНЕ ӨКІЛЕТТІ ЕЛШІСІ:

Учаскелерді аралап, жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына көз жеткіздік. Ешқандай бұзушылықтарды байқамадық. Халық көтеріңкі көңіл-күймен, өз еркімен, еш қысымсыз дауыс беріп жатты. Бізге жергілікті байқаушылардан ешқандай шағым түскен жоқ. Мен Қазақстан халқын қазір жүріп жатқан табысты экономикалық және саяси реформаларымен құттықтағым келеді.

Елімізде өткен Президент сайлауын 600-ден астам халықаралық байқаушы бақылады. Олар сайлаудың техникалық жабдықталуы мен ұйымдастырылуын жоғары бағалады. Сондай-ақ, сайлаушылардың жоғары белсенділігі ұнаған.

А. Серік