Русский Сайттың толық нұсқасы

Рудныйдағы қарттар мен мүгедектер орталығындағы жөндеу жұмыстары созылып кетті

  • AstanaTV
  • 22 қараша 2022
  • 1240

Қостанай облысы Рудный қаласындағы әлеуметтік орталықтағы жөндеу жұмыстары сағызша созылып кетті. Ондағы қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар 4 айдан бері шаң-тозаң жұтып, бір бөлмеге бірнеше адамнан сығылысып тұруға мәжбүр. Ал мердігер жөндеуді межелі мерзімінде аяқтауға асығар емес.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Келісім бойынша мердігер жөндеу жұмыстарын қыркүйек айының соңында аяқтау керек еді. Бірақ қарашаның бел ортасы болды. Қарттар үйінің үшінші қабатының астаң-кестеңі шығып жатыр. Құрылысшылар межелі жұмыстың небәрі 40 пайызын істеген.

Әлеуметтік нысанның үшінші қабатын ағымдағы жөндеуден өткізу елордалық «Ел Групп ЛТД» серіктестігіне жүктелген. Алайда мердігер міндетін дер кезінде орындамай отыр.

Татьяна ЩЕРБАКОВА, ОРТАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ:

Тіпті сотқа талап-арыз түсірдік. Бірақ жұмыс қарқын алған жоқ. Тек екінші қарашадан бастап мердігер жұмысқа кіріскендей болды. Өйткені біз портал арқылы келісім-шартты бұзу жөнінде хабарлама жіберген едік.

Қазір нысанда 16 құрылысшы жұмыс істеп жатыр. Бір айдың ішінде толық бітіреміз деп сендірді бригадир. Ал компанияның сенімді өкілімен телефон арқылы сөйлескенімізде, құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты жөндеу жұмыстарының созылып кеткенін айтты. Жүктелген міндетін мерзімінде орындамағаны үшін айыппұл төлеуге дайын екенін жеткізді.

Талғат ТҰРЖАНОВ, ЖШС БРИГАДИРІ:

Желтоқсанның бесіне дейін жөндеу жұмыстарын бітіреміз деп отырмыз. Құрылыс материалдары жеткілікті. Сантехника, электр тоқтарын толық өткіздік.

Жауапсыз мердігердің зардабын қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандар тартып отыр. Үшінші қабаттың елу тұрғыны өзге қабаттағы бөлмелерге орналасқан. Бір бөлмеге бес-алты адамнан жатуға мәжбүрміз дейді қамкөңіл қарттар.

Жамбыл ҚҰНАНБАЕВ, ТҰРҒЫН:

Бөлмеде қазір бес-алты адамнан жатырмыз.Үшінші этажда ремонт болып жатыр.Сон тезірек аяқталсын деп ойлаймыз. Ыңғайсыз болып тұр сол.

Астаналық компания әлеуметтік нысанның үшінші қабатын жаңғырту үшін 35 миллион теңгеден астам ақша белгілеген. Қомақты сомманың 14 миллионын алып үлгеріпті. Қалған қаражат жұмысты толық аяқтағанда ғана беріледі,- дейді орталық директоры. Рудныйдағы орталықты 415 адам мекендейді. Оның 142-сі мүмкіндігі шектеулі жандар.

З. Санай