Русский Сайттың толық нұсқасы

Түркістан облысында көпбалалы тоғыз отбасы қыстың күні далада қалуы мүмкін

  • AstanaTV
  • 23 қараша 2022
  • 1326

Түркістан облысында көпбалалы тоғыз отбасы қыстың күні далада қалуы мүмкін. Олар пана қылып отырған ескі балабақшаны жергілікті атқамінерлер «босатыңдар» деп талап ететін көрінеді. Себебі, тозығы жеткен бұл нысан әкімдіктің меншігінде.

Көпбалалы Индира Әлханова қорқынышпен күн кешуде. Ескі болса да басына пана болған үйден қуып шыға ма деп уайымдайды. Екі бөлмелі баспананың едені цемент болса да хан сарайынан кем көрмеймін дейді.

Индира ӘЛХАНОВА, ӨТЕҒҰЛ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Шынымды айтсам, жағдайым жоқ үй алуға да, жер алуға да жағдайым жоқ менің. Бірақ бізді қуып жібермесе екен, осыны жекеменшікке шығарып берсе екен.

Одақтың тұсында балабақша болған ескі ғимаратты тоғыз отбасы паналап отыр. Әр үйде кемі 5-6 баладан бар. Соңғы екі жылдан бері мазалары жоқ. Әлсін-әлсін «үйді босатыңдар» дегенді естиді.

Гүлдана МАСАҚБАЕВА, ӨТЕҒҰЛ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Бізді постоянно жаз болсын, қыс болсын «шығыңдар!», - дейді. «Документтерің жоқ, сатамыз!»-, дейді. «Сырттарыңнан сатылайын деп жатыр»,- дейді. Әкімшілікке барсақ әкімшілік айтады: сендердікі бұрынғы документ дейді, 50-60 жыл бұрын. Жердің очередіне тұрғам, жоқ әлі. Үйдің кезегіне де тұрғам, әлі жоқ.

Үйдің құжаты болмағандықтан мұндағы мұқтаж отбасылар көп мүмкіндіктен құр қалып жүргендерін жасырмады. Бастарында пана бар деген аты болмаса ешбірі тіркеуде емес. Тіпті газ тартып, су кіргізуге де рұқсат жоқ дейді тұрғындар.

Наргүл ИСИҒҰЛОВА, ӨТЕҒҰЛ ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Жағдайымыз болса бұндай жерде тұрмаймыз, біріншіден. Екіншіден, суымыз бір-ақ кран қосып қойған. Бұл жерде тұратын тоғыз-онбыз біріншіден. Екіншіден, суымыз ащы... Ол да бір сағат, болмаса бір күн ақпай да қалады ол.

Елдімекеннің суына жауапты өкіл судың сағатпен берілуін халық санының артуымен байланыстырды. Қазір мәселе шешіліп жатқанын жеткізді. Ал Шардара қаласы әкімінің орынбасары қалада соңғы жылдары инфрақұрылым тартылмайынша жер берілмей тұрғанын баяндады. Ал балабақша ғимараты жекешелендіруге жатпайды деп кесіп айтты.

Бөгенбай СҮЙЕТ, ШАРДАРА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Тегін беруге болмайды. Бұл уже мемлекеттік мекеменің орны ғой бұл. Бұны тек аукционмен сатуға болады заң бойынша. Біздің генпланға сәйкес бұл жер емес қой, бұл мемлекеттік мекеменің жері. Тұрғын үйге аламыз, сөйтіп аукционға саламыз. Заң бойынша сондай ғой бізде.

Алайда аукцион арқылы сатылымға қойылса қарапайым бұл отбасыларға бұйыруы екіталай дейді шенеунік. Сондықтан әзірге сатылымға шығармай тұрғандарын көлденең тартты. Бірақ қанша уақытқа мұрсат беретіндерін дөп басып айта алмады. Ал қалай болғанда да жекешелендіріп берсе деген үміті басым бұқара биліктегілерге үміт артып отыр.

А. Төребекқызы