Русский Сайттың толық нұсқасы

Тобыл өңірінде тоқсан жастағы қария иіс тиіп қайтыс болды

  • AstanaTV
  • 24 қараша 2022
  • 1144

Тобыл өңірінде тоқсан жастағы қария иіс тиіп, көз жұмды. Қарт тұрғын пештің мұржасын тазартпаған көрінеді. Қостанай облысында жылыту маусымы басталғалы 65 үй отқа оранып, 5 адам қаза тапқан. Көпшілік пешті дұрыс орнатпайды. Және пайдалану ережелерін ескермейді дейді мамандар. Өрт қауіпсіздігін сақтамаудың соңы қайғылы жағдайға әкеп соқтырады.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Пеш жағатын тұрғындар көп жағдайда өрт қауіпсіздігі ережесін ескермейді. Соның салдарынан от тұтанып, баспананы қызыл жалын шарпиды дейді мамандар. Қауіптің алды алу мақсатында олар айына бірнеше рет рейдтік шара ұйымдастырады.

Әлжан ҚАДЫРЖАНОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ МЕМЛЕКЕТТІК ӨРТ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Бірінші қаңтардан бастап облыс аумағында 8 мыңнан астам аула аралау жүргізілді. Оның барысында 21 адамға нұсқама берілді. Сондай-ақ әлеуметтік осал топтағы жандарға 4057 көміртегі қондырғылары орнатылды.

Қондырғының арқасында үш үй өрттен аман қалыпты. Аумақтық бөлімше қызметкерлері үй аралап, қауіптің алдын алу шараларын жүргізуді жалғастыруда. Надежда Ершова қыс болса, ағаш жарып, көмір тасып әлек. Көгілдір отынға қол жеткізе алмай отыр. Газ құбыры үй іргесінде тұр. Қосуға қаражаты жоқ. Сондықтан пешін қайта-қайта тексеріп, сақтық шараларын барынша сақтауға тырысады.

Надежда ЕРШОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Биыл пешті жаңарттық. Жылу құбырын ауыстырдық. Енді еш уайым жоқ. Ережені сақтамасаң қауіпті ғой.

Сәуле УТИНА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Біріншіден өзіміз үшін керек.Өзімізге қауіпсіз болу үшін, бала-шағамыз үшін. Сондықтан үнемі қадағалау керек. Қарап отыру керек. Ол деген ойын емес.

Қазан айынан бері астықты аймақта 65 баспана отқа оранған. Дегенмен департамент өкілдері былтырғымен салыстырғанда биыл тұрғын үйлердегі өрт оқиғаларының азайғанын айтады.

З. Санай