Русский Сайттың толық нұсқасы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Ресейге барды

  • AstanaTV
  • 28 қараша 2022
  • 1246

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путиннің шақыруымен кеше кешке Ресейге ресми сапармен барды. Мемлекет басшысы бүгін екі елдің өңіраралық ынтымақтастық форумының XVIII жалпы отырысына қатысты. Онда қандай мәселелер көтерілді? Әріптесім Бекболат Сатуов тарқатады.

Қазан айында Қазақстан мен Ресейдің дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 30 жыл толды. Былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық 30 пайызға өсіп, 24 млрд долларды құраған. Биылғы 9 айдағы алыс-беріс азайған. 5 процентке көбейіп, 18 миллиард лолларды құрады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қарым-қатынасымызды әрі қарай жылжытуға салмақты негіздер бар деп топшылаймын. Елдеріміз арасындағы сауда көлемі, пандемиямен байланысты бүкіл қиындықтарға қарамастан 24 млрд долларға жетті. Ресей капиталының біздің еліміздегі жоспары өте ауқымды. Елдеріміздің арасындағы әріптестіктің дамуына көңіл толатындай негіз бар. Дей тұрғанмен, әрдайым алға қарап, бет түзеуіміз керек. Бұл жерге сол үшін де келіп отырмын.

Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде ресейліктердің қатысы бар компаниялар мен екі елдің бірлескен кәсіпорындары табысты жұмыс істеуде. Олардың саны бүгінде 17 мыңнан асып түседі. Сондықтан болуы керек, екі елдің өзара инвестиция көлемі де артқан.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанға ресейлік инвестиция көлемі жыл сайын артып келеді. Ресейлік инвестиция қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды экономикамызға барынша тарту үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Бұл елдеріміз арасында тиімді экономикалық өзара іс-қимыл қалыптасқанының тағы бір дәлелі. Ресейден Қазақстанға тікелей инвестиция ағыны өткен жылы пандемияға дейінгі деңгейден үштен бірге асып түсіп, 1,9 млрд долларға жетті.

Мемлекет басшысы логистикалық желілерді жаңғыртуды жеделдетуге шақырды. Оның пікірінше, сауда мен экономика салаларында жаңа өсім көздерін қарастыруға уақтылы қабылданған батыл шешімдер ғана септігін тигізеді. Осылайша, Қазақстанның шекаралас өңірлерінде өнімді өткізудің заманауи және тиімді инфрақұрылымын қалыптастыру үшін бүкіл Еуразия кеңістігіне арналған сауда хабтары жүйесі құрылып жатыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысы көпжақты өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін бірлескен жобаларға жұмылуды ұсынды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Трансшекаралық және өңіраралық ынтымақтастық жөніндегі шағын комиссияның қызметін күшейту қажет. Шекара инфрақұрылымын жақсартуға, Қазақстан мен Ресей арасындағы шекара пункттерінің өткізу мүмкіндігін кеңейтуге ерекше назар аудару қажет. Сондай-ақ, Қазақстан тұрақты сауда-инвестиция қатынастарын дамытуға мүдделі.

Президент Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аумақтарында автомобиль жолдарын салуды, логистикалық хабтар мен экономикалық аймақтар құруды, сондай-ақ жоғары дәрежелі қайта жасалатын өнім өндіру саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді басым бағыт ретінде атап өтті.

Б. Сатуов