Маңғыстау облысында 24 білім ошағы салынады. Осылайша, аймақта үш ауысымда оқыту мәселесі шешілмек. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы «Жайлы мектеп» жалпыұлттық жобасы аясында жүзеге асады.
Мектептердегі орын тапшылығы Маңғыстауда бұрыннан бар мәселе. Оқу ордалары жыл сайын салынады. Бірақ 17 мектеп әлі де үш ауысымда жұмыс істейді. Ал тағы екеуі апатты жағдайда. Облыста бала туу көрсеткіші жоғары. Жылына 19-20 мың нәресте дүниеге келеді. Сондықтан жаңа мектептерге сұраныс азаймайды.
Гүлмира МАМАЕВА, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Келесі жылы 15 мектептің құрылысы басталады. Олар 2024 жылы пайдалануға берілсе, одан кейін сол жылы тағы 9 мектеп салынады. Әрине, одан бөлек 2026-27 жылдары ашылатын мектептер де жоспарланатын болады.
Үш жылда 24 мектеп – өте ауқымды жоспар. Бұл жерде тағы бір мәселе туындауы мүмкін. Кадр тапшылығы. Бірақ білім басқармасындағылар ұстаздық жолды таңдаған студенттер аз емес деп отыр.
Гүлмира МАМАЕВА, МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Қазіргі уақытта кадр тапшылығы жоқ. «Мектеп еду» электронды журналының алаңында сауалнама жүргізіп едік. Көпшілігі педагогикалық мамандықты таңдады. Себебі, бізде мұғалім мәртебесі туралы заң қабылданғанын, олардың құқығы заңмен қорғалатынын және жыл сайын жалақылары өсетінін өздеріңіз де білесіздер.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында сапалы білім мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Сондай-ақ, мектеп салу мәселесі облыс әкімдерінің жеке жауапкершілігінде болатынын айтты. Өңір басшылары жыл соңына дейін жаңадан салынып жатқан білім ошақтарының жері мен инфрақұрылымына қатысты барлық мәселелерді шешіп, мемлекеттен бөлінген қаржыға жауапты болуы тиіс.
А. Серік