Русский Сайттың толық нұсқасы

Екібастұзда тұрғындарды қабылдайтын жылыту бекеті ашылды

  • AstanaTV
  • 29 қараша 2022
  • 1885

Ал Екібастұзда жағдай әлі күрделі. 100-ден астам тұрғын үйде жылу жоқ. Құбырларға жылу жіберілгенімен, қайта қатып қалып жатыр. Жұрт амалсыздан пәтерлерін тастап, бас сауғалап кетуге мәжбүр. Кеншілер қаласында жүрген тілшіміз Өзгеріс Қуанар жағдайды толығырақ баяндайды.

Өзгеріс ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Екібастұз қаласы бүгін мұз айдынына айналды. Жарылған құбырлардан аққан су көл болып ағып жатыр.

Ақау шыққан жердегі инженерлік торапты ауыстыру жұмыстары оңай болмай тұр. Далада минус отыз градус аяз. Екібастұз қаласына өзге өңірлерден 23 бригада көмекке келді.

Қалада 100-ден астам үйде әлі жылу жоқ. Себебі, құбырлардағы су қатып қалған. Түнде орталық магистральден 25 көпқабатты және 90 жекеменшік үйге жылу жеткізілетін желіде ақау шыққан. Салдарынан бұл үйлер де жылудан ажыратылды.

Бәтима САМЕТОВА, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кейде свет өшіп қалады. Духовка қосып отырмыз. Пылосос қосып отырмыз. Шәй ішеміз свет болғанда.

Наталья Леонованың жағдайы тіпті, қиын. Кәріз желісі жарылған, пәтер ішіне мұз қатып жатыр.

Наталья ЛЕОНОВА, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Кәріз желісі қатып қалған. Соның салдарынан үйіме су ақты. Қазір қатып жатыр. КСК-ға суды төгіңдер деп айттым. Ешкім тыңдамады. Жасым 70-те. Өзімнің шамам келмейді. 4 күннен бері жылу жоқ. Үйімді тастап, қызымның үйін паналап жүрмін.

Екібастұзда тек жылу емес, су да жоқ. Тұрғындар тіршілік нәрінен де тарығуда.

Бәтима БАЯНДИНОВА, ЕКІБАСТҰЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Судың бәрі қатып қалды. Не туалетке бара алмаймыз. Не жылы су жоқ. Не суық су жоқ. Міне, водавоз тұр. Күнде-күнде су әкеледі. Тасиды адамдар.

Қала әкімі күні кеше тек 17 көп қабатты үйдің ғана жылуға қосылмағанын айтқан болатын. Бүгін бұл сан бірден көбейіп кетті.

Олег КРУГ, ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

Бүгін таңертең тағы жиырма бес үйден ақау табылды. Қазір оқиға орындарында мамандар жұмыс істеп жатыр. Олар қатып қалған магистралдарды жібітуде. Күні кеше ғана жеке меншік үйлердегі ақауды жойған болатынбыз. Алайда, тағы тоқсан үйге жылу жетпей тұр. Қатып қалған. Жылыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Орталық жылудың өшуінен қалада электр жарығына ауыр жүктеме түсуде. Сондықтан қала билігі тұрғындардан бір жылытқыштан артық қоспауды сұрайды. Ал жылуы жоқ үйлердің тұрғындарын қабылдайтын жылыту бекеті ашылған. Онда адамдарға ыстық тамақ та беріледі.

Ө. Қуанар