Русский Сайттың толық нұсқасы

Қызылордалық дихандар жерді тиімді игеруге көшкен

  • AstanaTV
  • 03 тамыз 2016
  • 2226

Қызылордалық дихандар жерді тиімді игеруге көшкен. Осының арқасында Сырдария ауданының шаруалары 300 гектар бидайдың әр гектарынан 24 центнерден өнім алып отыр. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бастамасымен ақпараттық насихаттық топ мүшелері аудан шаруаларының тірлігімен танысты. Дихандармен егіс даласында кездескен мамандар жер реформасындағы өзгерістерге қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

«Шаған жер» серіктестігінің үлесінде 5000 гектарға жуық егістік алқабы бар. Ауыл халқының күн көрісі осы жердің арқасы. Халықта мал бар. Бірақ жайылымдық жер аз. Сондықтан олар елді мекеннен ең кемінде 10-15 шақырым аумақтағы жайылым жерлер мемлекет құзырында болса деген тілек білдірді. Шаруашылықта 350-ден астам адам нәпақасын тауып жүр. Әрбір шаруа өзіне тиесілі жер аумағын тұтынуды серіктестікке сеніп тапсырған. Сол арқылы ауылдықтар жұмыс тауып, отбасын асырап отыр. Егіс алқабына арнайы келген ақпараттық-насихаттық топтың құрамында жетекші партия өкілдері мен сала мамандары бар. Олар жерге қатысты құжатты заңдық тұрғыда талқылап, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.

Марат Омаров, «Нұр Отан» партиясы Сырдария аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

Халыққа жер кодексінің өзгерістерін түсіндіру мақсатында ауданда, облыста Республика бойынша ақпараттық-насихаттық топтар құрылып жатыр. Қазір енді бәрі ақпараттанып қалды. Өздерінің жер туралы ұсыныстарын беріп жатыр, біз олардың басын жинап, біртіндеп облысқа беріп жатырмыз.

Серіктестікте 2067 гектарға Сыр күріші егілген. Оның 350 гектары №6 бригаданың күтімінде. Жиырма шақты адамнан құралған топ биыл күріштің ғылыми жолмен дайындалған «Айсәуле» сортын тәжірибеден өткізуде. Жаңа сорт он гектар аумаққа себілген. Оның өсіміне дихандар разы болып отыр. Сондықтан да шаруалардың көңілінде алаңдаушылық жоқ.

Бердібек Қадыров, «Шаған жер» ЖШС директоры:

Егілген бидайды толық жинап қамбаға құйып алдық. Бұл да өте жақсы өнім берді. Ауа райының жаңбырлы болуының арқасында, суарылуының арқасында 24 центнерден өнім алдық. Елді мекенде орналасқан халық жерге деген үгіт-насихаттың бәрін жақсы түсіністікпен қарап жатыр.

Сырдариялық шаруалар жоңышқаның әр гектарынан 2-3 тоннаға дейін мал азығын жинап алған. Енді олар екінші орымның жоңышқасын тасымалдауда. Алда күріш алқаптарын ораққа дайындап, сақадай сай отыр.   

Айгүл ӘДЕПБАЙ