Русский Сайттың толық нұсқасы

Футболдан әлем чемпионаты басталғалы бәс тігушілердің қатары көбейді

  • AstanaTV
  • 30 қараша 2022
  • 1614

Футболдан әлем чемпионаты басталғалы бәс тігушілердің қатары көбейді. Сарапшылар бұрын-соңды болмаған деңгейге жетуі мүмкін дейді. Құмар ойынға құныққандар жайлы Мерей Қалиасқардың материалында.

МЕРЕЙ ҚАЛИАСҚАР, ТІЛШІ:

Қап. Тағы шықпай қалды. Бәс тігіп, байып кеткім-ақ келеді. Бірақ жолым болмай қойды. Қарызымда көбейді. Енді қайтсем.

Осылай өкініштен өзегі өртенетінін көпшілігі ұғынбайды. Ермектің бәс тігуді ермегіне айналдырғанына бірер апта ғана болды. Катардағы доп додасын үзбей көріп, достарына ілесіп, қатарынан қалыс қалғысы келмей бірге бәс тіге бастаған.

Ермек, АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Достарым ставка қояды. Бірақ жұмыс істемейді. Арасында ақша табады. Менің ойымша ол жаман емес. Ақша табудың жолы боп тұр. Бүкіл жерде рекламаны көремін, мешіттің жанында, остановкада, көп жерде десем болады.

Айналада сары масадай самсап тұрған bet-тер бет қаратпай жатыр. Жарнамасына көз сүрінеді. Құмар ойынның құрығына ілінгеніңді байқамай да қаласың. Оңай олжаға кенелгендерден гөрі керісінше опық жегендер көп бүгінде.

БЛИЦ:

- Қойып көргем негізі. Қазіргі таңда қоймаймын. Көбінде жеңілдім.

- Дұрыс емес деп ойлаймын. Бәрі тігеді ақшаны ұтылады. Бірде ұтады, бірде ұтылады.

- Бар ғой қойып жатқан достарым оған қарсымын.

Сорақысы букмекерлік кеңселер заманауи сипатқа ойысып, ұялы

телефондарда қолжетімді болды. Бұл тотализаторлардың торына түсіретін төте жол. Құмар ойынға құныққандарды бүгінде шалғай ауылдардан да табасыз.

Дәулет МҰҚАЕВ, БЛОГЕР:

Қора-қора малын букмекерге салып жіберген. Әлеуметтік топ таңдамайды. Бұл ойынды жағдайы төмен де, жақсы да ойнайды. Шенеуніктер тіпті полиция да ойнайды мысалға. Одан бөлек отбасымен де ойнайды. Соның ішінде алтын белгілер, қызыл диплом тіпті Болашақты оқып келіп, шетел көрген азаматтар да ойнайды. Бұл кәдімгі вирус сияқты таралады.

Діни басқарма өкілдері басында адам баласының нәпсісіне жеңіл тиіп, еліктіргенімен, зардабы ауыр екенін айтады. Адал еңбекпен табыс таппағасын берекесі де болмайды.

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ, ҚМДБ ШАРИҒАТ ЖӘНЕ ПӘТУА БӨЛІМІНІҢ МАМАНЫ:

Иә иман келтірген момындар, расында арақ сияқты адамды мас қылатын нәрселер, құмар ойындары және тігілген пұттар және бал ашулар мұның бәрі шайтанның істерінен. Одан сақтаныңдар, құтыласыңдар деп Алла тағала құранда ашық баяндап қойған.

Елімізде 350 мыңнан астам адам құмар ойынның кесірінен миллиондаған қарызға батты. Әрбірінің берешегі 10 млн теңгеден асады деп депутаттар дабыл қағып, үкіметке үмітпен қарап еді. Алайда, құрдымға құлататын құмар ойынға түпкілікті төтеп беретін күн тумады әлі.

Қ. Мерей