Русский Сайттың толық нұсқасы

Жамбылдағы жарылыс кезінде жоғалған жауынгердің денесі табылды

  • AstanaTV
  • 01 желтоқсан 2022
  • 2032

Жамбылдағы жарылыс кезінде жоғалып кеткен сарбаздың сүйек бөліктері табылды. Сараптама қорытындысы екі ай бұрын топырақ астынан шыққан сүйектердің Бауыржан Дәуітбаевтікі екенін нақтылады. Ауыл-аймақ, ағайын-туыс 1 жыл, үш ай із-түзсіз кеткен сарбаздың сүйегін бүгін жер қойнына тапсырды.

36 жастағы Бауыржан Дәуітбаевтың сүйек бөліктері кеше туыстарына берілді. Сараптама қорытындысы табылған дене мүшелерінің жоғалған жауынгерге тиесілі екені расталғанға дейін ата-анасы ұлынан үміт үзбеген. Бірер күн бұрын әскерилерден суық хабар естігенде есеңгіреп қалды.

Талғат ДӘУІТБАЕВ, Б.ДӘУІТБАЕВТЫҢ ӘКЕСІ:

Бүгінгі күн ауыр күн болып тұр. Бауыржанымызды бүгін жер қойнына табыстап. Әлі де сенбейді жүрек. Жүрген шығар деймін бір жерде, жүрген шығар дейм да. Кеше алдыңғы күні әскери тергеудің бастығы осындай не шықты. Алматыдан ДНҚ сараптамасы шықты, 99 пайыз сіздің балаңыз болып шықты деді.

Кіші сержанттың шашылған сүйектері әскери бөлім маңындағы жойқын жарылыс болған жерде топыраққа терең көміліп қалған дейді әскерилер. Үйіндінің астынан дене мүшесінің 60 пайызы ғана қазылып алынған.

Еркін ӘБСАДЫҚОВ, 28349 ӘСКЕРИ БӨЛІМІНІҢ КОМАНДИРІ:

Қалай жарылыс болды, содан бері біз бір жыл бойы іздеу жұмыстарын тоқтатқан жоқпыз. Жарылыс болған кезде өздеріңіз шамамен масштабты білетін шығарсыздар, топырақ шашылады, сол топырақтың астынан 1 жыл үш айдан кейін табылды.

Марқұмның артында жары мен бес баласы қалды. Жарылыс болған кезде оның әйелінің аяғы ауыр болатын. Еске салайық, былтыр Байзақта болған әскери қоймадағы жарылыстан 17 адам қаза тауып, жүзге жуық адам жарақат алды. Ал жарылыстың нақты себебі әлі айтылған жоқ.

Берік ЖҰМАБАЙ