Русский Сайттың толық нұсқасы

«Үш жылда 50 әскери қызметші суицид жасаған», - Д.Нұржігіт

  • AstanaTV
  • 01 желтоқсан 2022
  • 1736

Соңғы үш жылда 237 әскери қызметші көз жұмған. Сенатор Дана Нұржігіт еліміздің Премьер-Министрі Әлихан Смайыловқа жолдаған депутаттық сауалында әскери қызметшілер арасындағы суицид мәселесін көтерді. 50 сарбаз өз-өзіне қол салған. Оған не себеп? Қорғаныс саласындағы қордаланған мәселелер қашан шешіледі? Тақырыпты Ақбота Базарбай тарқатады.

Депутат әскери қызметтегі өлім-жітімді жіпке тізді. Айтуынша, қайтыс болған азаматтардың көбі түрлі аурудан көз жұмады, одан қалса жол апатынан, өзге де белгісіз себептерден қайтыс болады. Әскерге шақырылатын жастардың денсаулығы нашар дейді депутат.

Дана НҰРЖІГІТ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Ең көп, яғни 89 адам ауырып көз жұмған. Бұдан көріп отырғанымыз әскерге шақырылатын жастардың денсаулығы Отан алдындағы борышын өтеуге жарамайды. Қазіргі кезде міндеттелген квотаны толтыру үшін әскер қатарына денсаулығы жоқ бозбалалар да кетіп жатыр.

Дәрігерлер де бұны жоққа шығармайды.

Гүлнәр БҮТІНБАЕВА, ТЕРАПЕВТ:

Қазіргі жасөспірім балалар өте арық, спортпен айналыспайды, әлсіз, дұрыс тамақтанбайды. Көбі қазірдің өзінде жүрек ауруына шалдыққан, қант диабетімен ауыратындар көп. Одан кейін, сколиоз дерті көп тараған. Ол спортпен айналыспаудың тағы бір салдары. Денсаулығы жарамсыз болған балалар, ем алады. Жағдайы жақсарғандарын біз әскерге жібереміз.

Статистикаға сүйенсек, соңғы үш жылда 237 әскери қызметші қайтыс болған. 20-шы жылы – 77, 21-ші жылы - 96, ал биыл – 64 адам көз жұмған. Оның 145-і – әскерге келісімшартпен келгендер, 59-ы – офицер, 31-і – солдат. Көбі өз өзіне қол салып, суицид жасаған. Писхологтың айтуынша, ер балалар мектеп кезінен бақылауда болуы керек.

Ержан МЫРЗАБАЕВ, ПСИХОЛОГ:

Мектептердегі алғашқы әскери дайындық сабақтары, 10-11 сыныпта өтеді қателеспесем, сол сабақтарда балалардың әскердің дайын, дайын емес екендігі, әскери өмірде оларды не күтеді соған психологиялық моральдық және физиологиялық тұрғыдан дайындықты қамтамасыз ету керек. Сол жерден балалардың әскерге бару деген ынтасы, қызығушылығы арту керек.

Әскери қызметшілердің қоғамдағы мәртебесі де төмен. Қарулы күштер қатарына келісім-шарт бойынша қызметке келген сарбаздың бірінші жылдағы жалақысы бар болғаны 82 мың теңге.

Дана НҰРЖІГІТ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

«Әскери баспана» бағдарламасы аясында «Отбасы банк» алғашқы жарнаны 5 пайыздан 20 пайызға дейін өсірген. Ал, жалақысы 100 мыңға да жетпейтін жас әскери маман баспананың алғашқы 20 пайызын қалай төлемек? Осыдан кейін барып, әскери адамның қоғамдағы мәртебесі туралы қандай сөз қозғауға болады?!

Депутат комиссиясының алдына келген баланың бүкіл психо-физикалық портреті, барлық ақпарат арнайы электронды кітапшада жиналып тұруы керек деді. Ал олардың әскерге деген қызығушылығын ояту үшін әскери қызметшілердің әл-ауқатын жақсарту керек деп Үкіметке ұсыныс тастады.

А. Базарбай