Русский Сайттың толық нұсқасы

Елордада ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің құрметіне берілетін көше анықталды

  • AstanaTV
  • 01 желтоқсан 2022
  • 1494

Елордада ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Асқар Забикулиннің атына берілетін көше анықталды. Сондай-ақ, сол жағалаудағы 38-інші көше енді Әл-Фараби даңғылы боп ауыстырылады. Бұл туралы қалалық Ономастика комиссиясының кезекті отырысында айтылды.

Отырысқа халық қалаулылары, зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен қоғам қайраткерлері қатысып, күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді өзара талқыға салды. Комиссия шешімімен сол жағалаудағы 38-көшеге дала данышпаны, адамзаттың «екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби атауы беріледі. Ол ұзындығы 7 шақырымнан асатын бірнеше жолақты үлкен даңғыл болмақ.

Есет БАЙКЕН, АСТАНА ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, КОМИССИЯ ТӨРАҒАСЫ:

2019 жылы ғұлама Әбу-Насыр Әл-Фараби атына көше беру мәселесі туындаған кезде қаламыздың ономастика отырысында қаламыздың ұзын, үлкен көшесі берілген болатын. Оның өндірістік зонада орналасқан, тұрғын алабтары жоқ, адамдар көбіне жұмыс бабымен ғана қатынайтын транзиттік көше болғандықтан оған бір орталықтан бір кең көше берілсе деген мәселелер көп көтерілді.

Сәкен ЕСІРКЕП, АСТАНА ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

38 көше бұл Тәуелсіздік бойының жалғасы, яғни екі жағынан көпір салынып біткеннен кейін 38 көше басталады. Болашақта Қабанбай батыр даңғылына дейін созылады. Мәңгілік ел даңғылын білесіз ғой, дәл сол сияқты үлкен даңғылдардың бірі болады.

Сонымен қатар, комиссия мүшелерінің шешімімен «Қаһарман» тұрғын үй кешенінде 3 адамды құтқарып, қаһармандығымен елдің есінде қалған марқұм Асқар Забикулиннің атына көше беріледі. Қазіргі Үркер тұрғын алабындағы Е-583 көшесі енді жанымен жалын сөндірген батырдың есімімен аталады.

Сәкен ЕСІРКЕП, АСТАНА ҚАЛАСЫ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВ ІСІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Үркерде бұған дейін де өрт сөндіріп қайтыс болған батыр Саят Әбиевтің есімі одан бөлек Ғазиз Байтасовтың полиция капитаны өзінің қасындағы серігін құтқарамын деп гранатамен кеудесін жапқан осындай батырларға, үлкен тұлғаларға берілген. Сонымен қатар Асқар Забикулинге де сол жерден көше берсек деген шешімге келдік.

Сондай-ақ, батыр қызмет еткен №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне де Асқар Забикулиннің есімін беру мен мекеменің алдына бюст орнату ұсынылып, «Құтқарушылар саябағындағы» ақпараттық тақтаға естелік суретін орналастыру туралы шешім қабылданды. Күн тәртібінде қаралған ұсыныстар қоғамдық кеңеске жіберілді, Енді ол мәслихаттың тұрақты комиссияларының отырысында қаралады.

М. Қалиасқар