Русский Сайттың толық нұсқасы

Апат айтып келмейді: Алматыда сейсмикалық оқу-жаттығу өтті

  • AstanaTV
  • 02 желтоқсан 2022
  • 2022

Алматыда бүгін дабыл қағылды. Бірақ, мамандар алаңдауға негіз жоқ дейді. Себебі, жыл сайын шаһарда жер сілкінісіне қарсы жаттығу жүргізіледі.

Әйгерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Дәл қазір біз жер сілкінісінің симуляторында отырмыз, бұл мобильді платформаның ішінде 9 баллға дейін жан-жағымыз қозғалады. Жергілікті халық бұндай төтенше жағдайларға қаншалықты дайын?

Дабыл қағылған соң халық сыртқа шығарылды. Шұғыл лагерь құрылып, зардап шеккен адамдарға көмек көрсетілді. Бұл әрине, оқу-жаттығу.

Ерлан ӘЛІБЕКОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Негізгі мақсаты бұл Алматы қаласының тұрғындарының осындай төтенше жағдайлар болған кезде іс-әрекетінің деңгейін көтеру болып табылады. Бүгінгі қалалық сейсмо-жаттығуға 900 адам, біздің өзіміздің қызметкерлер және де 80 техника жұмылдырылды.

Алматы қаласы сейсмикалық аймақта орналасқандықтан, жер сілкінісіне қарсы жаттығу жыл сайын жүргізіледі. Сондықтан мамандар әлеуметтік желіде таралатын кейбір жалған ақпаратқа сенбеуге шақырады. Ал Сейсмолог мамандар жыл соңына дейін қала аумағында қатты жер сілкінісі болмайды дейді. Дегенмен, сақтықта қорлық жоқ.

Берік АҚШОРАЕВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мұндай жағдайлар кезінде адам саспай, бағдарманы тыңдап, егер бағдарма беріп жатса. Халық осындай жаттығуларды жиі-жиі істегені дұрыс деп айтайын. Апаттардың барлығы көрсетілді бүгін, көптен көп рақмет.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сүйенсек, қалада жер сілкіну қаупін алдын ала білу үшін 28 станция орнатылады, қазір соның 11-інде жұмыстар аяқталды, қалғаны келер жылы іске қосылады.