Русский Сайттың толық нұсқасы

Ұлттық банк басшысы теңгенің жаңа бағамына қатысты қауесетті жоққа шығарды

  • AstanaTV
  • 04 тамыз 2016
  • 2320

«Теңгенің айырбас бағамында елеулі өзгерістер орын алады» деген қауесетке сенбеңіздер. Бүгін Алматыда баспасөз мәслихатын өткізген Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев елді осыған шақырды. Бас банкир «теңге айтарлықтай әлсіреуі мүмкін» деген алып-қашты әңгімелерге қатысты түсінік берді. Және бұл болжамдардың өткен жылдың тамыз айындағы жағдайға орай жасалғанын да айтып қалды. Оның дерегінше, қазіргі уақытта теңгенің бағасы еліміздегі сыртқы және ішкі жағдайларға жауап ретінде өзгеріп отыр. Жалпы, ақша-несие саясатында теңгерімсіздік байқалмайды. Айырбас бағамы айтарлықтай өзгереді деп айтуға ешқандай негіз жоқ, - деді Данияр Ақышев.

Данияр Ақышев, ҚР Ұлттық банкі төрағасы:

Теңге бағамына қатысты өз пікірін білдірген кез-келген сарапшының айтқан мәлімдемелері шындыққа жанаспаған жағдайда, олар бұл үшін жауапкершілікті сезінсе деймін. Менің ойымша, мұндай жағдайда  бірнеше сарапшының пікірі талдануы қажет. Және нақты болжамды қаржы нарығынан хабары бар тәжірибелі сарапшылар жасауы шарт. Сонда ғана дұрыс болжам жасалады.

Бас банкирдің сөзінше, Ұлттық банк валюта айырбасы бағамының еркін ауытқу саясатының аясында бағамға ешқандай шектеу қойылмайды. Сондай-ақ ол бас  банктің операциялары ауқымды өзгерістер мен тұрақсыздыққа шектеу қоюға бағытталғанын жеткізді. Қазір мұнай бағасы барреліне шамамен 40 доллардың төңірегінде  болып тұр. Ал теңгенің рубльге қатысы 4,6-дан 5,3 теңгеге дейін әлсіреді. Осы жағдайларда ұлттық валюта бағамы сақталады. Егер де мұнайдың бағасы барреліне 35 доллардан төмен болса және рубль барреліне 70 доллардан асып кетсе, теңгенің бағамы өзгеруі мүмкін, - деді Ұлттық банк төрағасы.

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ