Русский Сайттың толық нұсқасы

Алматы облысы Жамбыл аудандық «Атамекен» газетіне - 90 жыл

  • AstanaTV
  • 09 желтоқсан 2022
  • 2679

Алматы облысы Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің жарық көргеніне биыл -90 жыл. Айтулы күнге орай Ұзынағаш ауылында мерекелік шара өтті. Жаңалықтың жаршысы болған қоғамдық-саяси, әлеуметтік- экономикалық басылымда әр жылдары қызмет еткен ардагерлер бас қосты. Бірқатары арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

90 жылдық тарихы бар «Атамекен» газеті алғашқы жылдары «Большевиктік жол», «Ленин жолы», «Екпінді еңбек» атауларымен жарық көрді. 1992 жылы «Атамекен» деген асқақ атауға ие болды. Талғат Сүйінбай – аталмыш газеттен түлеп ұшқан ардагер журналист. «Атамекеннің» орны мен үшін тым бөлек»,- дейді ол.

Талғат СҮЙІНБАЙ, «АТАМЕКЕН» ГАЗЕТІНІҢ АРДАГЕРІ, ҚР АҚПАРАТ САЛАСЫНЫҢ ҮЗДІГІ:

Біздің күні - түні тек бір ғана ойымыз - сол газетті таңға дейін шығару еді. Енді қолмен құятын газеттер, қолмен шығады ғой ол кезде. Технология жоқ мұндай. Бас мектебіміз - осы. Осы жерден өніп, өстік. Редакцияға келдім өзім жақында, кіл жастар. Өз жастығымды көрдім. Қазір газет оқитын ұрпақ әлі түгесілген жоқ.

Бүгінде газеттің көлемі ұлғайып, әр нөмірі полиграфиялық безендірілуі жағынан айшықтала түскен. Әрі жан-жақты мәселе көтеруде жаңаша бетбұрыс бар. Бұл газет оқырмандарының көңілінен шығады. Аптасына бір рет 5500 таралыммен жарық көреді. Редакцияда 15 адам қызмет етеді.

Мейрамгүл АЙНАБЕКОВА, «АТАМЕКЕН» ГАЗЕТІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

Біздің негізгі оқырмандарымыз - ауылдағы үлкен кісілер деп айтсам болады. Біздің газетімізді апта сайын күтіп отырады. Егер жетпей қалса, почта арқылы хабарласады біздің редакцияға «біздің газет қайда?» деп. Содан кейін оларға жеткіземіз, әрқайсысын танимыз десек те болады.

Директордың айтуынша, аудандық газеттің мәртебесін облыстық, республикалық деңгейге көтеру ойда бар. «Атамекеннің» дамуына жергілікті әкімдік те қолдау білдіруде.

Нұрлан ЕРТАС, ЖАМБЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген қанатты сөзі ешқашан мағынасын жоймақ емес. «Атамекен» газеті Жамбыл елінің сыры мен жырын, парасаты мен ұлағатын кейінгі ұрпаққа талмай жеткізіп келеді. Тасқа басылып, қағазға түскен сөздің құдіретін ешнәрсемен салыстыра алмаймыз.

«Атамекен» газетінің қызметкерлері арнайы алғыс хаттармен марапатталды. Жиынға қатысқан қонақтар үшін мерекелік концерт ұйымдастырылды.

М. Жақан