Бүгін мемлекет басшысының төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Жиында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беріліп, Үкіметтің келер жылға арналған жұмыс жоспары қарастырылды. Мінберге шыққан шенеуніктердің "бәрі жақсы, жұмыстар атқарылып жатыр" деген жаттанды баяндамаларынан кейін, Президент халық сеніп отырған Үкіметтің нашар жұмыс істеп жатқанын айтып, сынға алды.
Ақбота БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:
Елдегі жылу электр орталықтарының үштен бірі 50 жыл бұрын салынған. Бүгінде көбісінің 66 %-ы тозған. Кейбірі тіпті, 80 %-тен асады. Мәселе бұған дейін бірнеше рет көтерілді. Президент нысандарды жаңғырту туралы нақты тапсырма берді. Бірақ Үкіметтің салғырттығын байқаған мемлекет басшысы, атқарылған жұмыстарға көңіл толмайтынын жеткізді.
Салдарынан қыстың көзі қырауда құбырлар жарылып, жұрт жылусыз қалды. Ал Екібастұздағы жағдай саланың қаншалықты қараусыз екенін көрсетті. Осылайша Үкімет пен әкімдіктерге кешенді тексеру жүргізіп, мүлде жөндеу жүргізбеген меншік иелерін жазалауды тапсырды. Ал Екібастұз халқына өтемақыны орталықтың заңды иесі мен мемлекет бөліп төлейді.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Жауапты қызметкерлер қысты қалыпты режимде, аман-есен өткіземіз деп есеп берген. Бірақ іс жүзінде жағдайдың қалай болып жатқанын көріп отырсыздар. Павлодар облысының әкімі өз өтінішімен қызметінен босатылды. Ал құзырлы мемлекеттік орган – Энергетика министрлігінің ешқандай әрекетін көрген жоқпыз, бұл мекеме апатқа селқос қарап, бейтараптық танытты.
Мұндай жағдайға тариф саясатының дұрыс жүргізілмеуі де себеп, дейді Президент. Айтуынша, нысандарды күтіп ұстауға және жаңғыртуға қажетті қаражат тариф есебінен бөлінуі керек. Ал энергетика министрі болған апат бір ғана мекемеге қатысты мәселе емес деп санайды.
Болат АҚШОЛАҚОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:
Бұл бір мекеме, не бір кісінің ғана кінәсі емес. Бұл бәріне бірдей қатысты жағдай, апаттық жағдай. Бұған нақты шаралар қабылдау керек. Заңды жағынан да, оған себеп адами факторлар пайда болды, өкінішке орай тозуына да байланысты. Бұл бір күндік мәселе емес, бір адамның кінәсі емес. Үлкен системалық жағдай болып тұр.
Мемлекет басшысы, қиын жағдайда министрліктердің өздігімен шешім қабылдай алмайтындықтарын да сынға алды.
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Министрлік және ұлттық компания басшылары нақты шешім қабылдауға келгенде, өздеріне жауапкершілік алудан бастарын алып қашады. Жұртшылық Үкіметтің де, барлық деңгейдегі әкімдердің де жұмысына қатысты арыз-шағым айтуда. Халықтың сөзінің жаны бар. Өйткені, шын мәнінде, күн көру қиындап барады, баға шарықтап өсуде. Қаладағы және ауылдағы тұрғындардың өмірі үшін аса маңызды инфрақұрылымның тозығы жеткен, тіпті, мүшкіл халде десек те артық емес. Мұндай кезде қол қусырып, жайбарақат отыруға болмайды.
Министрлер шетелден әкелінген көліктерді тіркеу жолдарын да жұртқа түсіндіре алмады. Ақпарттық жұмыс дұрыс жүргізілген жоқ. Президент шенеуніктердің бетіне мұны да басты. Келер жылы қазіргіден де күрделі болуы мүмкін деді. Ал Үкіметтің осы құраммен аяқ басуына күмәнмен қарайтынын жасырмады.
А. Базарбай