Русский Сайттың толық нұсқасы

Ақтөбелік шаруаларға Жер кодексіндегі жаңашылдықтар түсіндірілді

  • AstanaTV
  • 04 тамыз 2016
  • 2131

Жер кодексіндегі жаңашылдықтарды әрбір шаруаның білгені маңызды. Әсіресе жаңа нормаларды халыққа жіті түсіндіру кезек күттірмейді. Ол үшін «Нұр Отан» партиясы қарқынды жұмыс жүргізуде. Партияның Ақтөбе облыстық  филиалының өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізуге кіріскен. Шалғайдағы шаруа қожалықтарында еңбек ететін диқандар, шабындықтар мен егіс басында жүрген жандар да назардан тыс қалмады. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары жаңа кодексті таныстырып қана қоймай, қожалық өкілдерінің сұрақтарына жауап берді, ұсыныс-пікірлерін де тыңдады.

Нұрхан Ақниязов, «Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары:

Жерде еңбек етіп, сол өздерінің күнін көріп, маңдай терімен жердің құдіретін, қасиетін білетін қазақстандықтармен кездесу - мақсатымыз. Мұндай кездесулер талай болды. Ал бұл кездесулердің маңызы өте зор деп ойлаймын.

Партияның облыстық филиалының өкілдері аралаған шаруа қожалықтарының арасында «Спарта» шаруашылығы да бар. 15 гектар жерге бақша өнімдерін өсіретін диқандар, Ақтөбемен қатар көрші қалаларды да табиғи таза өніммен қамтамасыз етіп отыр. Мұнда 20 адам жұмыс істейді. Қожалық иесі Спартак Төремұратов, жер кодексіндегі жаңашылдықтар  дұрыс, деп есептейді.

Спартак Төремұратов, шаруа қожалығының басшысы:

Мысалы, мен 10 жылға арендаға аламын әкімшіліктен бау-бақша егіп отырған жерімді. Шаруа қожалығының жерлерін, мал жайылымдарын 49 жылға аламыз. Негізі бір жағынан сатып алып, оны бөліп-бөліп ақшасын төлеген де тиімді. Өйткені жердің адам иесі болған сайын, оны жақсы пайдаланады.

Партия филиалы төрағасының орынбасары «Байсейіт» серіктестігіне де барды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында  асыл тұқымды мал басы 200-ге жеткен, 7 адам жұмыспен қамтылып отыр.  Ойыл ауданындағы 221 мың гектар жердің 182 мыңы ауыл шаруашылық жеріне жатады. Ауылдықтар жер кодексіндегі жаңашылдықтың арқасында жерде жұмыс істеу тиімді боларына сенеді. 

Берік ХАСЕНОВ