Русский Сайттың толық нұсқасы

«Шешім қабылдай алмайтын Үкімет мүшелері орнын босатуы керек», - Ә.Смайылов

  • AstanaTV
  • 14 желтоқсан 2022
  • 1614

«Шешім қабылдай алмайтын Үкімет мүшелері орнын босатуы керек». Президенттен сын естіген Үкімет басшысы Әлихан Смайылов бүгін министрлерге осылай шүйлікті. Кез келген сұраққа сұлтауы дайын тұратын министрлердің жауабы қандай болды? Әріптесім Бекболат Сатуов тарқатады.

Бүгін Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың қабағы қатулы болды. Президенттің сынынан сабақ шығарғысы келетіні аңғарылды. Қолынан іс келмейтіндер қызметпен қоштассын деп турасын айтты.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Біздің жұмысымыздың нәтижесін қазақстандықтар сезінуі керек. Талап өте жоғары. Ал «қолымнан келмейді, шешім қабылдай алмаймын» деген әріптестеріміз қазірден орнын босатсын. Орындарыңызға басқа адамдар келеді. Халыққа шын жаны ашитын, мойнына жауапкершілік алып, батыл шешім қабылдайтын адамдармен ғана жұмысты жалғастырамыз. Сонда көздеген мақсатқа жетуге болады.

Үкімет басшысы айтқан үдеден шығамыз деп министрлер алдағы жоспарларымен жарыса бөлісті. Мәселен, цифрлық даму министрі айды аспаннан бір-ақ шығарды. Сөзіне сенсек, 2027 жылы республикалық және облыстық маңызы бар жолдар 100 пайыз интернетпен қамтамасыз етіледі екен. Әлі күнге дейін ауыл түгілі кейбір қалаларда интернеттің жылдамдығы жөнді еместігін ескерсек, ертегіге еліткендей көрінеді.

Бағдат МУСИН, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:

2027 жылға дейін 5G технологиясын Астана, Алматы және Шымкент және облыстық орталықтарда енгізетін боламыз Келесі маңызды іс-шара - бұл республикалық және басты облыстық маңызы бар жолдарды ұялы байланыс пен интернетке қосу. Қазірде интернет осы жолдардың 25пайызында ғана қосылған. Ал, ұялы байланыс 86 пайызды құрайды. 2027 жылға дейін осы жолдардың 100 пайызы интернет пен ұялы байланыспен қамтылатын болады.

Әңгіменің әлқиссасын үнемі келер жылы деп бастайтын министрлер үшін жаңа жылдың да ауылы алыс емес. Содан болу керек барлығы жұмысқа білек сыбана кіріскен. Ал әзірге министрлердің ешқайсысы өз еріктерімен жылы орындарын суытқысы келмейтіндерін ашық айтты.

Болат АҚШОЛАҚОВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ:

Жұмысымды жалғастырамын. Осындай істеп жатқан жұмысыңның сапасы өте төмен, жұмыс істей алмайсын десе әрине, тұрып кету керек.

Ербол ҚАРАШӨКЕЕВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Әр күнде министрлер өзінің лауазымынан кетіп, басқа жұмысқа кетуге де дайын болу керек. Оны мемлекет басшысы шешеді, оны үкімет басшысы шешеді.

Ажар ҒИНИЯТ, ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРІ:

Мен өзіме тиісті жұмысымды жасап жатырмын. Егер мемлекет басшысы алдыма сондай шешім қабылданатын болса, қабылдаймын.

Сонымен Үкімет бір айда инфляцияға қарсы шараларды қайта қарамақ. Ал жұрттың табысын арттырып, жұмыспен қамту үшін бизнеске қолдау артады. Ал ауылдық жерлерді дамыту үшін ауқымды тұжырымдама әзірленбек.

Б. Сатуов