Русский Сайттың толық нұсқасы

Атырауда қамыс өртін өшіре алмай жатыр

  • AstanaTV
  • 15 желтоқсан 2022
  • 2604

Атырауда Каспий теңізінің жағалауында қамыс өрті өшпей тұр. Тілсіз жау желтоқсанның басында тұтанған. Биіктігі екі жарым метр қалың қамыстың айналасы батпақ. Сондықтан өрт сөндіру автотехникалары жете алмай отыр. Тек өрт бері жылжыған соң ғана төтеншеліктер жұмысқа кірісті. 7 тәулік бойы қызыл жалынды өшірмек болған әрекет бірақ әзірге нәтижесіз. Тікұшақты жұмылдырайын десе, су алатын өзен мен теңізде мұз қатып қалған.

Жасұлан АҚТАЕВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазір департамент қызметкерлері мен табиғи резерват мамандары бірлесіп 50 гектардан астам аумақтағы өрт өшірілді. Өртенген аумақтың нақты көлемі қызыл жалын толықтай ауыздықталған соң белгілі болады. Дегенмен «Ғарыш Сапарының» ғарыштан түсірілген суретіне сәйкес, өртеніп кеткен аумақ 1 жарым гектардан асады. Қазіргі өрт аумағында 4 техника мен 30 адам жұмыс жасап жатыр.

Мамандар елдімекендерге ешқандай қауіп жоқ дейді. Табиғи резерват қызметкерлері аң-құс өліп жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды.

Балымгүл ІЗМҰХАНОВА, «АҚ ЖАЙЫҚ» ТАБИҒИ РЕЗЕРВАТЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

Аң-құстар өліп жатыр деген ақпараттар тарап жатыр. Қыс – құстардың ұя салу маусымы емес. Олар ұшып кетті. Мекеменің ғылыми қызметкерлері тексеріп отыр. Ол жерге аң-құсқа ешқандай зиян келген жоқ.

Б. Нәдірқызы